Мәжіліс депутаты болған Бақытжан Базарбекке қатысты бірнеше жылға созылған сот дауы қайта күн тәртібіне шықты. Талапкерлердің айтуынша, Базарбек 2023 жылы шыққан сот шешімін әлі күнге дейін толық орындамаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Орал қаласының №2 соты бұған дейін Бақытжан Базарбек таратқан мәліметтер Роберт пен Жанар Ирменовтердің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деген шешім шығарған. Сот бұл ақпараттарды жала сипатындағы мәліметтер деп таныған.
Іс материалдарына сәйкес, Базарбек дәлелсіз түрде талапкерлерді заңсыз құрылыс жүргізді, су қорғау аймақтарындағы жерлерді иеленді және құрылыс компанияларының мүддесін қолдады деп айыптаған. Бұл мәлімдемелер бұқаралық ақпарат құралдарында, Facebook-тегі жазбаларында және YouTube арнасына берген сұхбаттарында жарияланған.
Сот Бақытжан Базарбекке аталған ақпараттарды жария түрде жоққа шығарып, талапкерлерге моральдық шығын үшін өтемақы төлеуді міндеттеген.
Базарбек 2026 жылдың маусым айында 150 мың теңге көлеміндегі өтемақыны төлеген. Алайда сот жүктеген жария түрде терістеу міндетін әлі орындамағаны белгілі болды.
Талапкерлердің адвокаты Светлана Клёнинаның айтуынша, оның қорғауындағы азаматтар үшін қаржылай өтемақыдан гөрі Бақытжан Базарбектің көпшілік алдында өз мәлімдемесінің шындыққа сәйкес келмейтінін мойындауы маңызды. Соған қарамастан, оның сөзінше, Бақытжан Базарбек сот шешімінің осы бөлігін орындаудан жалтарып келеді.