Кеше, 2025 жылы 22 қаңтарда "Қазақтелеком" АҚ акциялары құлдырап, Қазақстан қор биржасы (KASE) жұмысын кілт тоқтатуға мәжбүр болды. Ұлттық телеоператордың бағалы қағаздары бірден 33,09% құнын жоғалтып, 41,1 мың теңгеден 27,5 мың теңгеге дейін бір-ақ төмендеді. Бұл техникалық қателік пе, әлде инвесторларға берілген бір белгі ме, сарапшылар осы сауалдар төңірегінде ой білдіріп көрді, деп жазады Dalanews.kz.
Негізі, нарық ойыншылары "Tele2/Altel мобильді сервисін сатудан түскен қаражаттан дивидендтер төленіп қалатын болар" деп елең-алаң болып отырған. Тура осы кезде акция бағамы оңбай құлдырайды ғой. Әрине, инвесторлар шошып кетті, бұл "өздері дәмелі дивиденттерді төлемеудің бір амалы емес пе" деген жаман ойлар да қылаң беріп үлгерді. Ал сарапшылар қауымы мұны соншалықты күрделі мәселеге баламайды, керісінше техникалық қатемен байланыстырады.
Бұл ретте inbusiness.kz Андрей Чеботарев пен Арман Батаев сынды сарапшылардың пікірін алға тартады.
Қаржы саласы бойынша сарапшы Андрей Чеботарев мұндай күрт құлдырау компаниямен де, жалпы нарықпен де байланысты маңызды проблемаларды танытпайды деп санайды. Құлдырау үшін 3 мың доллар мен 100 акция жеткілікті болған.
"Бұл біздің нарықтың тереңдігін көрсетпейді және әлбетте, инсайдерлік іс-қимылдар болуы мүмкін. Мүмкін біреу пайда тапқысы келген шығар. Мүмкін, бұл тіпті fat finger де шығар, яғни қате мәміле (сондайда қолданылатын термин)", - деп түсіндіреді сарапшы.
Сондай-ақ тура осындай жағдай 2022 жылдың қаңтарында болғанын еске салды. Ол кезде Kaspi.kz акцияларының бағасы 30%-ға дейін төмендеген.
Қаржыгер Арман Батаев та осындай пікірде. Ол мұндай жағдайлар көбінесе техникалық қателіктермен байланысты екенін айтады.
"Көбінесе мұндай қателіктер трейдер кездейсоқ жоспарланғаннан әлдеқайда көп немесе аз акцияларды көрсеткенде орын алады. Сөйтіп өзіне қарсы сатып алу тапсырыстары жоқ екенін байқамай қалады. Нәтижесінде "Қазақтелекомның" өтімді емес артықшылыққа ие акциялары айтарлықтай құлдырады, ал өтімділігі жоғары қарапайым акциялардың бағасы іс жүзінде өзгерген жоқ", — деп inbusiness.kz Батаевтың сөзін келтіреді.
Андрей Чеботарев та бұл арада артықшылыққа ие акциялар туралы сөз болып отырғанын нақтылайды. Олар қарапайымнан иелеріне дивиденд алуға кепілдік беру бойынша ерекшеленетінін айтады. Мәселен, қарапайым акцияларда төлемдер компанияның шешіміне және оның тапқан пайдасына байланысты есептелсе, ал артықшылыққа ие акцияларда дивидендтер қаржылық көрсеткіштерге қарамастан төленуі керек. Осы жағынан алғанда, егер бұл компаниямен байланысты нақты проблема болса,онда артықшылыққа ие акциялар ғана емес, қарапайым акциялар да құлдырайтын еді.
"... Шындығында, бұл тіпті инсайдер де болмауы мүмкін, өйткені жағымды немесе жағымсыз ақпараттан құлағдар инсайдер бұл арада өз пайдасын табуды ойлайды. Нашар жағдайда ол қарапайым акцияларды да сататын еді. Сондықтан, бұл техникалық қателікке саяды", - дейді ол.
Ал техникалық қателік деген KASE жұмысына келетін үлкен сын. Расында, бұл ретте желіде мазақ "мемдер" пайда болып үлгерді.
Күні кеше, 14 қаңтарда "Қазақтелеком" Pih Communication LLC еншісіне сай "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС Жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 100%-ын сату жөніндегі мәмілені түйіндеді. Осылайша Tele2/Altel брендтерімен жұмыс істейтін МТС мобильді операторы қатарлық компанияға сатылды. 2024 жылдың маусым айында ЦДИАӨМ басшысы Жаслан Мәдиев мәміле сомасы 1 млрд доллар болатынын шамалады (кейінірек бұл соманың 1,1 млрд доллар екені нақтыланды). Сондай-ақ сарапшылар "Қазақтелекомға" тиесілі Kcell-ді де сатады деп болжаған. Алайда,кеше, 15 қаңтарда осы сипаттағы сауалға "Қазақтелеком" "Kcell-дегі үлесін сатпау керек деген ұстанымда екендерін жеткізді.
1 қазандағы жағдай бойынша, "Қазақтелекомның" ірі акционерлері "Самұрық-Қазына" қоры (71,32%) және Jusan Bank (8,1%) болып табылады. Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 40,5%-ға, 53,1 млрд теңгеге дейін қысқарды
2025 жылы 15 қаңтарда KASE-де "Қазақтелекомның" акциялары кенеттен қымбаттаған болатын. Бұл арада 7,1% өсім болды.