Мәжіліс автомектептерді қатаң бақылауға алып, eGov-ты тегін етпек

Мәжіліс автомектептерді қатаң бақылауға алып, eGov-ты тегін етпек
Ашық дереккөз.

Бүгін Мәжілісте депутаттар экология, техникалық және кәсіптік білім беру, көші-қон, цифрландыру мен жол қауіпсіздігіне қатысты бірқатар маңызды заң жобаларын қарайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бірінші оқылымда депутаттар бастамашылық еткен экология мәселелері, техникалық және кәсіптік білім беру, сондай-ақ халықтың көші-қонына қатысты заң жобалары талқыланады.

Ал екінші оқылымда жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызметке қатысты түзетулер қаралады.

Бұған дейін депутат Екатерина Смышляева бұл заң жобасы жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіру және заманауи цифрлық құралдарды енгізу арқылы жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын айтқан.

Құжаттағы негізгі өзгерістердің бірі — автомектептерге мемлекеттік бақылауды күшейту.

Енді автомектептердің қызметі рұқсат беру тәртібі арқылы реттелмек. Ол үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға өзгерістер енгізіледі.

Рұқсат алу үшін автомектептерде материалдық-техникалық база, арнайы оқу алаңдары, көлік құралдары және білікті оқытушылар құрамы болуы міндеттеледі.

Сонымен қатар Мәжіліс телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға қатысты заң жобасын да қарайды.

Түзетулердің алғашқы блогында eGov, e-Otinish, Aitu ұлттық мессенджері секілді әлеуметтік маңызы бар цифрлық сервистерге тарифсіз қолжетімділік енгізу ұсынылған.

Яғни азаматтар бұл сервистерді интернет балансында қаражат болмаса да пайдалана алады.

Екінші блок телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Атап айтқанда, радиожиілік спектрін пайдалану рұқсатының мерзімі енгізіліп, жиіліктерді тиімді бөлу және олардың бос тұрып қалуын болдырмау көзделіп отыр.

Үшінші блок телекоммуникациялық инфрақұрылымды қорғау және интернет-алаяқтықпен күрес мәселелерін қамтиды.

Заң жобасына сәйкес, деректерді өңдеу орталықтарын стратегиялық нысандар қатарына енгізу ұсынылған. Сонымен қатар оларды салу мен пайдалануға беру кезінде хабарлама тәртібі енгізіледі.

Бұдан бөлек, депутаттар машина жасау саласын дамыту, аңшылық шаруашылығы мен жануарлар дүниесін сақтау, рейтингтік қызмет мәселелеріне қатысты заң жобаларын да қарайды.

Мәжілісте Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялау мәселесі де қаралады.

Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара режимі туралы келісім, арнайы мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға қатысты заң жобалары күн тәртібіне шығарылған.

Одан бөлек, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Астана мен Бішкекте елшіліктер мен елшілер резиденцияларына арналған ғимараттар мен жер телімдерін өзара өтеусіз пайдалану туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау жобасы Мәжіліс жұмысына қабылданады.