Ирандағы соғыс пен Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы Батыс елдерінің экономикасына кері әсер ете бастады. Бұл туралы Financial Times басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылым мәліметінше, Ормуз бұғазы төңірегіндегі дағдарыстан кейін мұнай, жанармай және әуе билеттерінің бағасы қымбаттаған. Соның салдарынан АҚШ, Ұлыбритания және Еуропа елдерінде инфляция халық табысының өсімінен асып түскен.
Мысалы, АҚШ-та жалақы 3,6 пайызға өскенімен, тауарлар мен қызметтердің бағасы 3,8 пайызға қымбаттаған. Соның салдарынан халық табысындағы өсім инфляция әсерінен сезілмей қалған.
Ұлыбританияда да жағдай осыған ұқсас. Елде жалақы өсімі баяулап, халық табысының артуы іс жүзінде байқалмай қалған.
Сарапшылардың айтуынша, Парсы шығанағынан мұнай мен газ жеткізілімінің қысқаруы Еуропадағы энергетикалық дағдарысты күшейтуі мүмкін. Бұл халықтың табысына да кері әсер етеді.
Aberdeen инвестициялық компаниясының бас экономисі Пол Диггл егер Ормуз бұғазы ұзақ уақытқа жабылса, әлемдік энергетика нарығында жаңа дағдарыс басталуы ықтимал екенін айтты.
Оның болжамынша, мұндай жағдайда әлемдік нарықта мұнай тапшылығы күшейіп, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 180 долларға дейін көтерілуі мүмкін.