29 қаңтар күні Санкт-Петербург қаласындағы Ленин аудандық сотында боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға қатысты істі қарау басталады. Ол ұлтаралық араздықты ашық түрде қоздырды және адамдық ар-намысты қорлады деген айыппен жауапқа тартылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот талқылауына себеп болған Екатерина Биволдың өткен жылдың күзінде Telegram желісінде жариялаған видеосы. Бейнежазбада ол балағат сөздер қолданып, адамдарды ұлт белгісі бойынша кемсітетін пікір айтқан. Атап айтқанда, қазақтар мен қырғыздарға қатысты қорлайтын сипаттағы сөздер қолданған.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының қызметкерлері оның мәлімдемелерінде адамдардың бір тобын шығу тегі бойынша екіншісінен «артық» деп көрсету белгілері бар деген қорытындыға келген.
Аталған дерек бойынша Биволға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Заңнамаға сәйкес, бұл бап ірі көлемдегі айыппұл немесе әкімшілік қамау жазасын қарастырады.
Бұған дейін, қазан айында Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растаған және оны экстрадициялау мәселесі көтерілетінін хабарлаған болатын. Кейін ол іздеуге жарияланды.
Оған ұқсас қылмыстық іс Қырғызстанда да тіркелген. Онда Екатерина Бивол ұлтаралық араздықты қоздырды деген айыппен жауапқа тартылып отыр.
