Қазақстанның таза халықаралық резерві тарихи тұрғыда жаңа рекорд орнатты - экономист

Кәмшат Тілеухан 09 қаз. 2024 15:28 2092

Қазақстанның таза халықаралық резерві тарихи тұрғыда жаңа рекорд орнатып, 105 миллиард доллардан асты. Бұл мәліметті экономист Ғалымжан Айтқазин нақтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ұлттық банктің алдын ала ұсынған мәліметіне сүйенсек,қыркүйекте еркін айырбасталатын валюта (ЕАВ), алтын түріндегі активтерді және Ұлттық қордан тұратын Қазақстанның таза халықаралық резерві 105,1 млрд долларды құрады. Ал бұл көрсеткіш алдағы тамыз айында ғана 103,1 млрд доллар болатын. Соңғы рет таза резервтердің ағымдағы көрсеткішіне 2014 жылдың қарашасында қол жеткізілген болатын. Сонымен, қыркүйек айында таза алтын-валюта қоры (АВҚ) немесе ЕАВ + алтын, міндеттемелерді шегеріп тастағанда, 42,5 миллиард долларға дейін өсті. Қыркүйек айында алтын-валюта қорындағы алтынның үлесі үшінші ай қатарынан 55% деңгейін сақтап қалды, ал еркін айырбасталатын валюта түріндегі активтердің үлесі тиісінше 45% құрады", - деп жазды Ғалымжан Айтқазин Telegram-дағы арнасында.  

Осы жылдың ақпан айынан бастап "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша міндеттемелері шегеріліп көрсетілетін Ұлттық қордың активтері қыркүйек айында өсімін жалғастырып, 62,7 млрд долларды құрады. Бұл, экономист атап өткендей, 2017 жылғы сәуірден бергі жоғары көрсеткіш.

"Қазақстанның сыртқы тәуекелдерге қарсы қабылдаған "қорғанысы" ел экономикасының тарихындағы ең зоры болып табылады. Ағымдағы бюджет дағдарысы үкіметті Ұлттық қордан алынатын ақша көлемін ұлғайтуға мәжбүр еткенін баса айта кеткен жөн", - деп жазды сарапшы.

Айта кетсек,2024 жылғы қазан айында Ұлттық банк Ұлттық қордан 1,4 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта шығарып, сатпақшы. Сондай-ақ республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйекте Ұлттық қордан 945 млн АҚШ доллар көлемінде валюта сатылғаны хабарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар