Индексі 2024 жылдың желтоқсан айында 50,7 құраған еліміздегі іскерлік белсенділік деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бұған, негізінен, өндіріс (50,6) пен қызмет көрсету секторындағы (50,8-ге дейін), сондай-ақ тау-кен саласы (48,8-ге дейін) индекстерінің төмендеуі себеп екені нақтыланады, деп жазады Dalanews.kz.
Бұл туралы 2025 жылы 5 қаңтарда Ұлттық банк жариялаған зерттеуде айтылады.
Оған сәйкес, көрсеткіштің өсуі тек құрылыс саласында ғана орын алды. Ондағы индекс қараша айындағы 50,5-тен желтоқсанда 52,9-ға дейін көтерілді. Құрылыста жаңа тапсырыстар мен жұмыспен қамту деңгейі айтарлықтай өсті, ал тау-кен өнеркәсібінде, керісінше барлық компоненттер төмендеді.
11 өңірде іскерлік белсенділік жақсарып, 9 өңірде нашарлады. Индекстің ең жоғарғы мәні Жетісу облысында (57,5), ең төменгі мәні Абай облысында (35,7) тіркелді.
"Желтоқсан айында бизнесті жүргізудің ағымдағы жағдайын бағалау нашарлағанымен, оң аймақта қалды. Ал болашақ бизнес жағдайларына қатысты оптимизм өзгерген жоқ. Нәтижесінде бизнес-климат индексі төмендеп, 11,6 құрады", делінеді Ұлттық банк зерттеуінде.
Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, олардың өніміне/қызметіне сұраныс бәсеңдеген. Желтоқсан айында құрылыстан басқа барлық салада сұраныстың өсу қарқыны баяулады.
"Тау-кен өнеркәсібінде өткен аймен салыстырғанда сұраныстың аздап төмендеуі байқалды. Респонденттер инфрақұрылымның өзгеруін азын-аулақ оң бағаласа, қалған факторларды (бизнесті қорғау мәселелері, салық жүктемесі және қаржыға/несиеге қолжетімділік) теріс бағалады. 2024 жылдың желтоқсан айында бизнес-цикл "сағатының" көрсеткіші өсу аймағында қалды. Қазіргі бизнес ахуалды бағалау көрсеткіші айтарлықтай төмендеп, 2,8 құрады. Алдағы 6 ай бойынша келешек бизнес-ахуал бағасы өзгеріссіз қалды (20,8)", делінген зерттеуде.