Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров АҚШ-тағы қазақстандықтарға қатысты пікір білдірді. Айтуынша, 369 отандасымыздың депортацияланатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Кешеден бері БАҚ пен әлеуметтік желілерде АҚШ-тың жаңа президенті заңсыз мигранттарды жаппай депортациялайды деген ақпарат тарап жатыр. Көпшілік Fox News таратқан деректерге сүйенеді. Сонымен қатар депортацияға 369 қазақстандық та ілігеді деген мәлімет қосылды. Алайда біз бұл ақпараттың түпнұсқасын тексердік. Fox News бұл жаңалықты 2024 жылы 11 желтоқсанда жариялаған, яғни оның қазіргі көші-қон саясатына еш қатысы жоқ”, – деп түсіндірді Смадияров.
Оның айтуынша, депортация – кез келген елде тұрақты түрде жүргізілетін заңды процесс. Бір мемлекеттің билігі заңсыз келген шетел азаматтарын елден шығару туралы шешім қабылдаған жағдайда, олар Қазақстан елшілігіне немесе консулдығына хабарлауға міндетті емес.
“Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған “369 қазақстандықтың депортацияланатыны”туралы ақпараттың негізсіз екенін ресми түрде мәлімдеймін”, — деді ол.
Айта кетейік, қазіргі уақытта АҚШ билігі заңсыз мигранттарды елден шығару шараларын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты ел аумағында заңсыз жүрген шетелдіктерді депортациялау процесі басталған.
Еске салайық, АҚШ-та қазір 25 мыңға жуық қазақстандық бар.