Freedom Inside '26

Қазақстандағы білім беру теңсіздігі: шынайы алшақтық қайда жатыр?

Қазақстандағы білім беру теңсіздігі: шынайы алшақтық қайда жатыр?
gov.kz

Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асанованың пікірінше, Қазақстандағы білім беру теңсіздігі туралы қалыптасқан түсінік бүгінде өзектілігін жоғалта бастаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшы PISA for Schools зерттеуінің кейінгі үш жылдағы нәтижелеріне назар аударды. Оның мәліметінше, ауыл оқушылары математика пәні бойынша қаладағы құрдастарынан жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Алайда оқу сауаттылығы мен жаратылыстану ғылымдары бойынша қала мектептерінің артықшылығы сақталған.

Жазира Асанова мұны білім сапасындағы мәселе мектептердің материалдық жағдайына немесе оқыту деңгейіне ғана байланысты емес екенін көрсететін үрдіс деп бағалайды.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары ауыл мектептерін дамытуға бағытталған жобалар табысты жүзеге асып жатыр. Мәселен, Катонқарағай ауданындағы Өрел тірек мектебі Орталық Азия мен ТМД аумағындағы алғашқы Google Reference School мәртебесіне ие болған.

Сарапшының пікірінше, қазір негізгі алшақтық мектептердің арасында емес, білім беру ортасында байқалады.

"Математикадан жақсы нәтиже көрсетуге мектеп ықпал ете алады. Ал оқу сауаттылығы тек сыныптағы біліммен шектелмейді. Оған отбасы, кітапқа қолжетімділік, мәдени тәжірибе, тәлімгерлер мен қосымша білім беру мүмкіндіктері әсер етеді", – дейді ол.

Жазира Асанова ауыл мектептерін интернетпен қамтамасыз ету және жасанды интеллект құралдарын енгізу маңызды қадам екенін атап өтті. Дегенмен цифрлық теңдік көбіне мектеп қабырғасынан шыққан соң аяқталады.

Сарапшының сөзінше, ауылдық жерлерде балалар үшін қосымша білім беру мүмкіндігі шектеулі. Ал қаладағы оқушылар сабақтан кейін түрлі үйірмелерге, курстарға және репетиторларға қатыса алады. Ол білім беру теңсіздігі жоғары оқу орнына түсу кезеңінде де байқалатынын айтты. Сондықтан мемлекеттік гранттар ауыл жастары үшін жоғары білім алудың маңызды тетігі болып отыр.

Жазира Асанова білім беру саласындағы алшақтықты азайту үшін үш бағытқа басымдық беру қажет деген пікірде. Олар - мұғалімдердің кәсіби байланысын күшейту, оқушылар үшін сабақтан тыс мүмкіндіктерді кеңейту және мектептің жергілікті қауымдастықтың даму орталығына айналуына жағдай жасау.