Еліміздегі бүгінгі постмодернизация процестері қоғамдағы діннің орны мен рөлінің өзгеруіне алып келіп жатыр. Діннің мәдени және әлеуметтік өмірдегі маңызы қайта қаралып, діни қауымдастықтардың қоғаммен және мемлекетпен өзара әрекеттесу стратегиялары жаңаша қалыптасу үстінде екенін де аңғарамыз. Батыстық зерттеушілер діннің әлемдік күн тәртібіндегі өзектілігі қайта артып келе жатқанын атап өтеді. Ғаламдану және мультикультурализм үдерістері аясында түрлі діни институттардың рөлін қайта бағамдау және олардың бейбітшілік пен бірлікте өмір сүруінің жаңа жолдарын іздеу маңызды болуда.
Қазақстандағы діни ахуал да осы өзгерістерден тыс қалып жатқан жоқ. Елде өзін діндар санайтын адамдардың саны жыл санап артып келеді. Оның үстіне, діни бірлестіктер мен ғибадат орындарының жиілегені байқалады, діни білім беру мен дінтанулық ағарту мәселелері жиі талқылануда. Сондай-ақ діни заңнамаларға өзгерістер енгізілуде. Осыған байланысты мемлекеттік-конфессиялық саясат пен қазақстандық зайырлылық моделі қалыптасып жатыр десек, қателеспейміз.
Халықтың діндарлығының артуы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің 2024 жылы жүргізген зерттеулері бойынша, ел халқының 86,3 пайызы өзін діндар ретінде санайды екен. Дегенмен, діндарлық – көпқабатты құбылыс екенін де ескеруіміз керек, сондықтан зерттеулер адамның діни сенімінің тереңдігін немесе оның әлеуметтік мінез-құлқына әсерін толық көрсете алмауы мүмкін. Мұны да назарға алғанымыз жөн.
2021 жылы Ranking.kz порталы жүргізген мониторингке сәйкес, қазақстандықтардың 67,4 пайызы өзін діндар деп таныған. Бірақ олардың 40,5 пайызы діни міндеттерді негізінен мерекелерде ғана орындайтынын, ал 26,9 пайызы діни рәсімдер мен талаптарды қатаң ұстанатынын айтқан.
World Values Survey бағдарламасының деректеріне сүйенсек, 2011 жылы қазақстандықтардың 21,5 пайызы діннің өмірлерінде маңызды орын алатынын жеткізсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 28,7 пайызға дейін өскенін көреміз.
Конфессиялық құрамның өзгеруі
2009 жылғы халық санағы бойынша, Қазақстан халқының 70,2 пайызы өздерін мұсылман, 26,3 пайызы христиан діндерінің өкілдері деп атаған. Ал 2021 жылғы санақ мәліметтеріне сәйкес, ислам дінін ұстанатындар қатары 69,3 пайызды, христиандыққа жататындар 17,2 пайызды құраған.
Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Елде 3 980 діни бірлестік тіркелген. Бұл - ресми дерек. Олардың ішінде 2 832-сі – исламдық ұйымдар, 347-сі – православтық қауымдар, 93-і – католиктік бірлестіктер, 593-і – протестанттық шіркеулер, 61-і – Иегова куәгерлері, 23-і – Жаңа Апостол шіркеуінің орталықтары, 13-і – Кришна санасы қоғамдастықтары, 7-еуі – иудаизм қауымдастықтары, 6-ауы – Бахаизм өкілдері, 2-еуі – буддизм ұйымдары, 2-еуі – Соңғы күн әулиелері шіркеуі, 1-еуі – Муниттер қозғалысы.
Бұл сандар Қазақстанның мәдени саналуандығын айқындайды, алайда этноконфессиялық қайшылықтардың туындау қаупін де жоққа шығармайды. Мұны мойындауымыз керек және олардың алауыздығын тудырмау жолындағы шаруалар әсте толастамауы қажет.
Діни инфрақұрылымның өсуі
Жалпы, бәріміз байқап жүргендей, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері діни ғибадат орындарының саны айтарлықтай артты. Нақты сандарға жүгінсек, мешіттердің саны 46-дан 2 832-ге дейін өсіп кетті. Христиандық ұйымдар саны 561-ден 1 119-ға артты. 2011 жылы елдегі діни бірлестіктер саны 3 088 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 3 980-ге жетті.
Бұл діни белсенділіктің артуының айқын көрсеткіші болып табылады.
Қазіргі таңда елімізде 14 діни оқу орны тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде, 12-сі исламдық бағытта (оның ішінде «Нұр-Мүбарак» университеті, 9 медресе-колледж, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) қарасты 2 институт) болса, 2-еуі – христиандық бағыттағы (Алматы православие семинариясы және «Мария – Матерь Церкви» католиктік семинариясы)
Сонымен қатар, 11 жоғары оқу орны «дінтанушы», «исламтанушы» және «теолог» мамандарын даярлап жатыр.
Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастар
Осы орайда, Қазақстанда мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы диалог нығайып келеді. Бұл үрдіс келесі мысалдардан көрінеді:
- 2024 жылғы 26-27 шілдеде Астанада өткен конфессияаралық фестиваль, онда діни ұйымдар кәсіпкерлік тренингтер, кеңестер және қоғамдық іс-шаралар өткізді.
- Діни мерекелер кезінде конфессияаралық құттықтаулар дәстүрге айналды, мәселен мұсылмандар мен христиандар бір-бірін діни мейрамдарымен құттықтайды.
Бұл өзара сыйластық пен ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін байқатады. Сонымен бірге, діни ұйымдар ел аумағындағы тосыннан келген табиғи апаттар кезінде де жоғары белсенділік танытып келеді. Айталық, 2022-2024 жылдардағы табиғи апаттар кезінде ҚМДБ 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек ұйымдастырды. Православие шіркеуі болса, уақытша баспаналар жасап, мұқтаж жандардың кәдесіне жаратты. «Источник жизни» шіркеуі 2023 жылы мұқтаж жандарға 40 млн теңге қаржылай көмек берді.
Бұл діни ұйымдардың елдегі әлеуметтік-рухани тұрақтылыққа қосқан үлесін аңғартады. Ең бастысы, мұны діни ұйымдардың бірлігі мен ұйымшылдығы, татулығы деп бағалауымыз қажет.
Діни экстремизм мен ақпараттық қауіпсіздік
Қазақстанда радикалды діни идеялардың таралуына қарсы күрес уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Интернет кеңістігінде діни контенттің бақылауы да арта түскенін көріп жүрміз. Бұл өз кезегінде діни сауаттылықты көтеру және азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін күшейту қажеттілігі туындап отырғанын көрсетеді.
Қазақстан діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресте зайырлы мемлекеттілікті басты қағида ретінде ұстанады. Мемлекет конфессиялық бейтараптық принципін сақтай отырып, діни ұйымдармен өзара іс-қимылды құқықтық негізде жүргізуде.
Қазақстандағы діни ахуалдың негізгі үрдістері – халықтың діндарлығының артуы, діни ұйымдардың көбеюі, мемлекеттік-конфессиялық диалогтың нығаюы деп санаймыз. Сондай-ақ діни білім беру жүйесі дамып келеді, жаңа оқу орындары ашылуда. Конфессияаралық келісім сақталуда, бірақ діни экстремизм қаупі өзекті мәселе болып қала береді.
Қазақстан зайырлы мемлекеттілікті ұстана отырып, конфессияаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде.