Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдар, сот және қадағалау органдарының ведомстволық наградалары жүйесін жаңартатын жарлыққа қол қойды. Өзгерістердің нәтижесінде төрт мемлекеттік орган алғаш рет өз наградаларына ие болды, марапаттар тізіміне «Ғазиз Байтасов» медалі енгізілді, ардагерлерге арналған медальдар саны айтарлықтай артты, ал «Мінсіз қызметі үшін» медалінің үшінші дәрежесі алынып тасталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әңгіме 2026 жылғы 27 шілдеде қабылданған №1381 Президент жарлығы туралы болып отыр. Құжат 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №155 жарлыққа өзгерістер енгізіп, ведомстволық наградалардың тізбесі мен сипаттамасын, сондай-ақ оларды беру қағидаларын жаңа редакцияда бекітеді. Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
Жалпы наградалар саны көп өзгерген жоқ. Қазіргі таңда тізімде 66 атау бар: 33 медаль және 33 төсбелгі. Бұрын олардың саны шамамен 65 болатын. Алайда марапаттардың құрылымы едәуір жаңартылды. Бұрын әр ведомствоның бір медалінің жеке үлгілері болған болса, енді олардың орнына бірыңғай үлгі енгізілді.
Жаңа жүйеге сәйкес өз ведомстволық наградалары бар мемлекеттік органдар саны 17-ден 21-ге дейін өсті. Алғаш рет мұндай марапаттар:
- Жоғары Сот Кеңесіне – «Жоғары Сот Кеңесінің ардагері» медалі және екі төсбелгі;
- Сот әкімшілігіне – медаль мен төсбелгі;
- Атом энергиясы агенттігіне – «Атом саласының үздігі» төсбелгісі;
- Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа – «Адам құқықтарын қорғауға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді.
Соңғы награда өңірлік омбудсмен өкілдеріне, орталық қызметкерлеріне, шетелдік омбудсмендерге, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың құқық қорғау саласына үлес қосқан өкілдеріне табысталуы мүмкін.
ІІМ-де «Ғазиз Байтасов» медалі пайда болды
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық наградалары қатарында «Ғазиз Байтасов» атты жаңа медаль енгізілді. Оның құрылатынын Мемлекет басшысы 2026 жылғы 6 мамырда Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиында жариялаған болатын.
Президенттің айтуынша, ерлікпен қаза тапқан батырлардың есімін ведомстволық наградаларға беру тәжірибесі жалғасады. Алғашқылардың бірі болып 15 жыл бұрын жанкешті лаңкесті ұстау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі берілді.
Жаңа медаль әскери және қызметтік борышын өтеу кезінде ерекше батылдық, жанқиярлық, жоғары кәсібилік пен табандылық танытқан ІІМ қызметкерлеріне, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауда, қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыстың алдын алу мен жолын кесуде, төтенше жағдайлар кезінде және мемлекеттің мүддесін қорғауда ерлік көрсеткен қызметкерлерге табысталады.