Гонконг тұмауы – тыныс алу жолдарының ауруы, арнайы грипп вирусының серотипі H3N2 туындататын инфекция. Алғаш рет бұл пандемия XX ғасырдың екінші жартысында пайда болған, ал қазір суық мезгілде жыл сайын бұл аурудың өршуін байқауға болады. Гонконг тұмауы жайлы не білу керек? Толығырақ Dalanews.kz материалында.
Гонконг тұмауы деген не?
Гонконг тұмауы (H3N2) – A типті вирус туындататын инфекция. Бұл вирус жануарлар, құстар және адамдар арасында кездесетін инфекциялық агенттердің гибриді болып табылады. H3N2 тұмауы B типімен салыстырғанда ауыр түрде өтеді және жиі асқынулар тудырады.
Алғашқы пандемия 1968 жылы Гонконгта басталып, екі жыл ішінде басқа елдерге тарады. Бұл вирус азиялық H2N2 вирусынан мутация арқылы пайда болған.
Гонконгтық тұмаудың ерекшеліктері:
-
Жиі кездеседі: Соңғы 20 жылдағы респираторлық аурулардың көпшілігінде H3N2 вирусы қатысады.
-
Басымдық: Басқа грипп түрлерімен қатар өршіп тұрса, H3N2 жұқтыру қаупі жоғары.
-
Мутация: Вирус үнемі өзгеріп, вакцинаға төзімді болады.
Сондықтан инфекционистер оны «өте қауіпті» деп санайды.
Қауіп тобына кімдер жатады?
-
Қарт кісілер;
-
2 жасқа дейінгі балалар;
-
Жүкті әйелдер;
-
Созылмалы аурулары бар адамдар (өкпе, жүрек, бүйрек, қан, эндокриндік бұзылыстар).
Бұл топтағы адамдарда ауру ауыр өтеді және асқынулар жиі кездеседі.
Гонконг тұмауының белгілері
Инкубациялық кезең – 1–2 күн. Бастапқы белгілері:
-
Жоғары температура (39°С және одан жоғары);
-
Әлсіздік, бас ауыруы, бұлшықет, көз және бел аймағының ауыруы;
-
Жүрек айну.
Содан кейін тыныс алу жолдарының қабынуы байқалады:
-
Мұрынның бітелуі, көп шырыш бөліну;
-
Тамақтың қызаруы, ауырсынуы, қышуы;
-
Құрғақ жөтел.
Кейде ас қорыту жолдары да бұзылады: іштің ауыруы, диарея, құсу. Аурудың ауыр кезеңі 3–4 күнге созылады.
Диагностика
Ауру белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет. Диагноз науқастың шағымдары мен қаралуы арқылы және лабораториялық зерттеу (кейде ауруханаға түскенде немесе қауіпті топта болғанда қажет) арқылы қойылады.
Қосымша зерттеулер: рентген, пульсоксиметрия, спирометрия, қан және зәр анализі, бактериологиялық зерттеу, ПЦР, ЭКГ, ЭхоКГ.
Егер уақытылы емделмесе, асқынуларға әкелуі мүмкін.
Жиі кездесетін асқынулар:
-
Отит (құлақ қабынуы);
-
Синусит (мұрын қуысының қабынуы);
-
Бактериалды ринофарингит.
Сондай-ақ ауыр патологиялар болуы мүмкін:
-
Пневмония;
-
Менингоэнцефалит;
-
Миокардит;
-
Өмірге қауіпті жағдайлар: респираторлық дистресс-синдром, септикалық шок, өткір тыныс жетіспеушілік, ми ісінуі.
Кейінгі кезеңде бауыр, бүйрек, эндокриндік жүйе және ұйқы безінің жұмысы бұзылуы мүмкін.
Гонконг тұмауын қалай алдын алуға болады?
Вакцинация – ең тиімді әдіс. Ол толық қорғаныс бермесе де, ауруды жеңілдетіп, асқынуды азайтады.
Вирусқа қарсы препараттар профилактикалық немесе байланыс болғаннан кейін қолданылады.
Қосымша алдын алу шаралары:
-
Адам көп жиналатын орындарға бармау;
-
Суықтан, күйзелістен сақтану;
-
Иммунитетті күшейту: дұрыс тамақтану, дәрумендер, спорт.
Ескерту: Бұл материал тек танымдық сипатта берілген. Өз денсаулығыңызға қатысты нақты кеңес алу үшін міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.
