Қазақстанда отандық тауар өндірушілер туралы бірыңғай цифрлық платформа жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта өнеркәсіп саласындағы әріптестер отандық тауар өндірушілердің тізімін қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал Сауда министрлігі әзірлеп жатқан QazTrade Retail платформасы қазақстандық өнімдерді сауда желілерінде ілгерілетуге бағытталған.
«Біз қазір QazTrade Retail платформасын әзірлеп жатырмыз. Оның негізгі мақсаты “Қазақстанда жасалған” өнімдер туралы толық ақпаратты сауда желілеріне ұсыну. Көп жағдайда дүкендер белгілі бір өнімнің елімізде өндірілетінін білмейді. Мысалы, жуғыш заттарды немесе басқа да тұрмыстық тауарларды шығаратын кәсіпорындардың бар-жоғын сұрап жатады. Сондықтан бұл платформа отандық өндірушілер туралы нақты ақпарат беретін бірыңғай базаға айналады. Сонымен қатар ол дүкендердің сөрелеріндегі отандық өнім үлесіне қойылатын талаптардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Платформаны жыл соңына дейін таныстыруды жоспарлап отырмыз», - деді Арман Шаққалиев.
Министрдің сөзінше, өндірушілерді тізімге енгізу кезінде өндірістік процестерге қатысты нақты талаптар қолданылады.
«Әр саланың өз ерекшелігіне қарай технологиялық талаптары бар. Мысалы, машина жасау саласында дәнекерлеу, сырлау сияқты негізгі өндірістік операциялардың Қазақстан аумағында орындалуы міндетті. Жалпы талаптар технологиялық процестің нақты орындалуына негізделеді. Осы критерийлер арқылы өнімнің шын мәнінде отандық өндіріс екені анықталады», - деді министр.
Баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов компьютерлік техника өндірушілерге қатысты қойылған сұраққа да жауап берді.
Оның айтуынша, Қазақстанда шығарылатын техника түрлерінің тізімі жыл сайын кеңейіп келеді және оған цифрлық жүйелермен жұмыс істейтін техника да енгізілген.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда шығарылатын техникалардың үлкен тізімі бар. Оның ішінде әлемдік брендтердің елімізде құрастырылатын техникасы да бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына арналған жаңа цифрлық жабдықтарды Қазақстанда өндіру бойынша бірнеше инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Біз мұндай өндірістерді кезең-кезеңімен дамытуды көздеп отырмыз», - деді Азат Сұлтанов.
Ол толық циклмен өнім шығаратын кәсіпорындар мен импорттық бөлшектерден техника құрастыратын компаниялардың бір тізімде көрсетілетінін айтты.
«Иә, олар бір тізімде болады. Қазақстанда шығарылатын техникалардың тізімі қолданыстағы ережелерде және тиісті ақпараттық ресурстарда жарияланады. Сонымен қатар инвестициялық субсидиялау қағидаларына цифрлық паспорт енгізіледі. Онда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажет техникалардың толық тізімі қамтылады. Осы тізімге енгізілген техниканы сатып алған жағдайда инвестициялық субсидия алу мүмкіндігі қарастырылған», - деді вице-министр.