2025 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жұмыссыздық деңгейі жағынан тағы да бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегінше, наурыз айының соңында елімізде ресми тіркелген жұмыссыздар саны 323,7 мың адамды құрады. Бұл – Ресей, Беларусь және Қырғызстандағы ресми жұмыссыздар санын қосқандағы көрсеткішке шамалас. Жалпы жұмыс күшіне шаққанда бұл 3,3 пайыздық деңгейге тең.
Өткен жылмен салыстырғанда еліміздегі жұмыссыздық 0,2 пайызға өскен. Яғни, соңғы бір жыл ішінде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатары 29,7 мың адамға көбейген.
Мұнымен қатар, Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2024 жылдың төртінші тоқсанында 4,6 пайызды құраған.
Айта кету керек, ЕЭК ұсынған көрсеткіштерге қатысты күмән көп. Себебі, олар елдегі нақты жұмыссыздар санын емес, тек ресми түрде тіркелген адамдарды ғана есепке алады. Ал шын мәнінде, ЕАЭО елдеріндегі көлеңкелі жұмыссыздық көрсеткіші әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Сарапшылар Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейіне қатысты ресми мәліметтерге толық сенуге болмайтынын ескертіп отыр.