Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Сара Алпысқызы қайтыс болды деген ақпарат жалған екенін айтты,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Әлеуметтік желіні көмекші балалар жүргізеді. Мен пленарлық отырыста отырған кезде ақпаратты салып қойған екен. Артынша ресми ақпарат шыққаннан кейін өшірді. "Неге тексермейсіңдер?" деп сұрадым. Еліміздегі бірнеше ақпарат көзінің жаңалығын көрсетті. Сондықтан да ол жазбалар өшірілді. Менің тарапымнан салынды, мен салды деп жататын адамдар болса, кешірім сұраймын. Өйткені бәрібір де адамның өлімі ғой. Әсіресе, жақындарына оңай болмайтыны анық", - деді ол.
Сара Назарбаева туралы не белгілі?
Сара Алпысқызы Назарбаева (қазіргі тегі – Қонақаева) - Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы, қоғам қайраткері. Ол 1941 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Жоғары білім алып, инженер-металлург мамандығы бойынша еңбек еткен.
1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен отау құрған. Ерлі-зайыптының үш қызы бар: Дариға, Динара және Әлия.
Сара Алпысқызы біраз уақыттан бері қоғамдық өмірге сирек араласып, саяси сахнадан тыс қалды. Ол көпшілік алдында жиі көрінбей кетті.
1992 жылы ол "Бөбек" халықаралық балалар қайырымдылық қорын құрды. Бұл қордың мақсаты – жетім, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік тұрғыда осал топтағы балаларға жан-жақты көмек көрсету. Сонымен қатар, оның бастамасымен еліміздегі мектептерде "Өзін-өзі тану" пәні енгізілді. Кейін бұл пән оқу бағдарламасынан алып тасталды. Сара Алпысқызының бастамасымен Қазақстанда "SOS – балалар ауылдары" халықаралық жобасы іске асты.
Кейінгі жылдары ол бұрынғы тегін өзгертіп, қыз кезіндегі тегі Қонақаеваны қайта алғаны белгілі болды.
Оған қоса біраз жылдан бері Сараның өзіне қарағанда қыздары жиі жұрт назарында. Тіпті былтыр да Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.