Кентау өндірістік аймағы 50 жылға экологиялық апат аймағы деп танылды

Кәмшат Тілеухан 14 мам. 2025 14:50 417

Кентаудағы өнеркәсіптік аймақ территориясы 2075 жылға дейін төтенше экологиялық жағдай аймағы болып танылды. Тиісті бұйрыққа 23 сәуірде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қол қойған. Төтенше экологиялық жағдай аймағына Кентау қаласының солтүстігіне іргелес жатқан 900 гектар өндірістік аймақ кіреді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Арнайы режимнің қолданыс мерзімі 2075 жылдың 1 қаңтарына дейін деп белгіленді.

Министр Түркістан облысының әкімдігіне келісім бойынша мынадай шараларды енгізуді тапсырды: 

  • арнайы кіру және шығу режимін орнату, көлік құралдарының қозғалысын шектеу;
  • қызметі төтенше экологиялық жағдайды жоюға немесе халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге байланысты емес жаңа кәсіпорындар мен басқа да объектілерді салуға және жұмыс істеп тұрған нысандарды кеңейтуге тыйым салу;
  • тұрғындарды адамдар тұруға қауіпті жерлерден шығарып, оларға тұрақты немесе уақытша тұруға арналған үй-жайлар беруді;
  • сауықтыру, курорттық мақсаттағы объектілердің жұмысына тыйым салу.

 Сондай-ақ, құжатта өнеркәсіптік аймақ аумағында ешкім тұрмайтыны нақтыланады.

Кентаудың экологиялық апат аймағындағы қала ретінде ресми түрде танылғаны 2024 жылдың соңында белгілі болды. Ол кезде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды төтенше экологиялық жағдай аймағында тұратын тұрғындардың жалақысына 20% үстемеақы қосылатынын айтқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар