Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Сот барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісіне енгізілген өзгерістерді жариялап, айыпталушыға жаңа баптар бойынша айып тағылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа айыптар қосылды
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, Сұлтан Сәрсемәлиевке енді басқа қылмысты жасыру мақсатында адам өлтірді деген айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл айып Н. Өтешекалиева мен М. Қарабалиннің қазасына қатысты эпизодтарға байланысты енгізілген.
Сондай-ақ айыпталушыға дәрменсіз күйдегі адамды өлтірді деген бап қосылды. Тергеу мәліметінше, денсаулық жағдайына байланысты өзін қорғай алмаған М. Қарабалина осы санатқа жатқызылған.
Интернет-алаяқтық пен мал ұрлығы бойынша да айып тағылды
Іс материалдарына интернет-алаяқтық бойынша жаңа айып та енгізілді. Тергеу нұсқасы бойынша, жәбірленушілер қайтыс болғаннан кейін ақпараттық жүйелер арқылы заңсыз түрде әлеуметтік төлемдер мен зейнетақылар рәсімделген. Эпизодтардың бірі бойынша келтірілген шығын көлемі нақтыланып, 520 996 теңге деп белгіленген.
Бұған қоса, бұған дейін мал сату кезіндегі алаяқтық ретінде сараланған эпизод қайта қаралып, енді «мал ұрлығы» бабы бойынша қайта дәрежеленді.
Бұрынғы айыптар өзгеріссіз қалды
Сонымен қатар Н. Мұқанғалиевті қасақана өлтіру, жеке заттары мен құжаттарын ұрлау, қаза тапқандардың мүлкін иемдену және ақшалай қаражатты заңсыз иелену бойынша бұрын тағылған айыптар өзгеріссіз қалды.