Freedom Inside '26

Серікжан Біләштің әпкесі 10 тәулікке қамауға алынды: адвокат істің саяси астары барын айтты

Серікжан Біләштің әпкесі 10 тәулікке қамауға алынды: адвокат істің саяси астары барын айтты
Фото: stan.kz сайтынан алынды

Адвокат Шыңқуат Байжанов Бәтиқа Біләштің 10 тәулікке қамауға алынуына байланысты мәлімдеме жасады. Ол қылмыстық істің негізсіз қозғалғанын айтып, бұл жағдайды Серікжан Біләштің қоғамдық қызметімен байланыстырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Адвокаттың сөзінше, Алматы облысы Полиция департаментінің тергеушісі Жазира Тасболатова Бәтиқа Біләшке қатысты Қылмыстық кодекстің 177-бабының 3-бөлігі бойынша (адвокат мәлімдегендей) қылмыстық іс қозғаған. Іске 20 адамның арызы негіз болған.

Байжановтың айтуынша, арызданушылардың барлығы мазмұны бірдей шағым түсірген. Онда Біләшке қандастарға әлеуметтік көмек көрсетеміз деп ақша жинап, кейін оны жеке басының қажетіне жаратты деген күдік келтірілген.

Алайда қорғаушы бұл айыптаулармен келіспейтінін жеткізді.

“Бәтиқа Біләшке еш жерде әлеуметтік желілерде немесе басқа алаңдарда “қандастарға көмек көрсету үшін ақша жіберіңіздер” деп үндеу жасаған емес. Сондай-ақ басқа адамдар да оның атынан осындай ақпарат таратпаған. Сондықтан бұл арыздардың негізі жоқ деп есептейміз”, – деді адвокат.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда алдымен азаматты ресми түрде шақырып, түсініктеме алу, арызданушылармен беттестіру өткізу және банк құжаттарын зерделеу сияқты тергеу әрекеттері жүргізілуі тиіс еді.

Алайда қорғаушының сөзінше, құқық қорғау органдары күдіктіні түнгі уақытта ұстап, үйіне барып, арнайы операция жүргізген.

“Кәмелетке толмаған балалары бар отбасының үйіне түн ортасында барып, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесін ұстағандай әрекет жасалды. Бұл көршілердің де үрейін туғызды”, – деді ол.

Адвокаттың пікірінше, бұл іс шетелде тұратын қоғам белсендісі Серікжан Біләштің қызметімен байланысты болуы мүмкін.

Оның айтуынша, Серікжан Біләш АҚШ-та жүріп Қытайдағы қазақтардың мәселесін көтеріп, қоғамдық-саяси тақырыптарды жиі қозғайды. Байжановтың сөзінше, Бәтиқа Біләшке аударылған қаражаттың барлығы Біләшке қолдау ретінде жіберілген.

“Адамдар маған бұл ақшаны Серікжан Біләшке жеткізу үшін аударады деді. Олар оның дәрістерін қолдайды, АҚШ-тағы қызметіне көмектескісі келеді. Бәтиқа Біләшке сол қаражатты толықтай Серікжан Біләшке аударып отырғанын айтты”, – деді қорғаушы.

Адвокаттың мәлімдеуінше, Біләш өз дәрістерінде қолдау білдіргісі келетін азаматтарға Бәтиқа Біләштің есепшотын көрсеткен.

Осыған байланысты қорғаушы бұл қаражатты алаяқтық жолмен иемдену фактісі жоқ деп есептейді.

“Бұл жерде ешқандай алаяқтық жоқ. Біздің ойымызша, негізгі мақсат – Серікжан Біләшке жіберілетін қаржы ағынын тоқтату. Егер мәселе тек есепшотта болса, оны бұғаттауға болатын еді. Бірақ оның орнына Бәтиқа Біләшті қылмыскер ретінде көрсетіп, қамауға алды”, – деді Байжанов.

Қорғаушының айтуынша, 27 маусымда тергеу соты тергеу аяқталғанға дейін Бәтима Бидайшиды 10 тәулікке қамауға алу туралы тергеушінің өтінішін қанағаттандырған.