Таразда соққыға жығылған депутат Нұрлан Байғазиев өзін соққыға жыққан азамат тарапынан қорқытулар болып жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ол “За нами уже выехали” телеграм арнасына мәлімдеген.
Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевтің айтуынша, жанжал қарапайым жағдайдан басталған.
“Сол күні Таразда бір азаматқа құқықтық кеңес беріп отырған едім. Телефонымның қуаты таусылып қалған соң, оны қуаттауға розетка іздедім. Розетка – бір отбасы кешкі ас ішіп отырған үстелдің қасында екен. Басқа розетка болмады ма, әлде жай сол жерге тоқтадым ба – нақты білмеймін. Бірақ сол отбасының әкесі менің ол жерде телефон қуаттауыма қарсы болды”, – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, дәл сол азамат оған жұдырық ала жүгірген.
“Мені бірден ұрып құлатты. Жерге құлаған соң, басым мен денеме тепкілей бастады. Қасымдағы клиентім әзер тоқтатты. Сол клиент полиция шақырды. Олар келіп, әлгі азаматты оқиға орнында ұстаған. Бізді Тараз қаласының полиция басқармасына алып кетті. Бірақ маған жағдайым нашарлап кеткен соң, жедел жәрдем шақыртылып, мені травматология бөліміне жеткізді. Ал шабуыл жасаған азаматты кейін бостандыққа шығарып жіберіпті”, – деп мәлімдейді Байғазиев.
Оның сөзінше, ол ауруханада жатқан кезде полицияны қайта шақырған. Алайда тәртіп сақшылары үш-төрт сағаттан кейін ғана келген.
“Сол кезде әлгі азамат ауруханаға қайта келіп, менің қасымдағыларға, әсіресе Бауыржанға (менің клиентім) “неге шу шығардың?” деп үркіте бастады. Мен дереу арыз жаздым. Бірақ оны ешкім ұстамай, қайта достарымен бірге түн ортасында ауруханаға келіп жүр”, – дейді депутат.