Кезінде өндіріс қалдығы саналған кен үйінділері мен байыту қалдықтары бүгінде қайтадан бағалы металл көзі ретінде қарастырыла бастады. Әлемде шикізатқа сұраныстың артуы және технологиялардың дамуы көптеген елді жаңа кен орындарын игеруден гөрі ескі үйінділер мен қалдық қоймаларын қайта өңдеуге көбірек назар аударуға итермелеп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті бола түсті. Qazaq Expert Club сарапшысы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Низами Джафаров жер қойнауын тиімді пайдалану енді тек экологиялық емес, экономикалық міндетке де айналғанын айтады.
“Бүгінде ескі кен үйінділері іс жүзінде “екінші реттік кен орындарына” айналып отыр. Пайдалы компоненттердің едәуір бөлігі әлі күнге дейін өндіру және өңдеу кезеңдерінде жоғалады. Ал қазіргі технологиялар оларды әлдеқайда тиімді алуға мүмкіндік береді”, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, 1970-жылдары құрамында бір тоннаға кемінде 2 грамм алтын бар кен ғана өндірістік маңызы бар деп есептелсе, бүгінде құрамында 0,4–0,5 г/т алтын бар кеннің өзі экономикалық тұрғыдан тиімді саналады.
Академиктің сөзінше, мұның айқын мысалдарының бірі – Қостанай облысындағы Жітіқара алтын кен орны. Бұл кен орны шамамен 50 жыл бойы үзіліспен игерілген.
“Сол кезеңде құрамында тоннасына кемінде 3 грамм алтын бар кен ғана өндірістік маңызы бар деп есептелді. Ал өндірілген кендегі алтынның орташа мөлшері 7–10 г/т болған. Тіпті “бос жыныс” деп саналған аршынды жыныстардың өзінде алтын мөлшері 3 г/т-ға дейін жеткен. Бірақ ол кезде мұндай материалдар перспективалы шикізат ретінде қарастырылмай, жол құрылысына пайдаланылды”, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, технологиялардың дамуы мен металл бағасының өсуі нәтижесінде мұндай жыныстардың бір бөлігі бүгінде толыққанды өндірістік шикізат ретінде бағалануы мүмкін.
Сонымен қатар аталған кен орнының байыту қалдықтары құрамындағы сынап, мышьяк және жоғары шаңдану деңгейіне байланысты әлі күнге дейін экологиялық қауіп төндіріп отыр. Зерттеулер бұл қалдықтардың құрамында орташа есеппен 1 г/т алтын сақталғанын және жалпы көлемі бір тоннадан асатын алтын қоры бар екенін көрсеткен.
Академиктің айтуынша, пайдалы ресурстардың едәуір бөлігі кен орнын бағалау кезеңінде-ақ жоғалады.
“Табиғи түрде жиналған пайдалы компоненттердің тек 60–80%-ы ғана минералдық ресурс ретінде есепке алынады. Оның өзінен небәрі 70–90%-ы ғана өндірістік игеруге жіберіледі. Яғни қазіргі сәтте ең жоғары экономикалық тиімділік беретін қорлар ғана өндіріледі”, – дейді ол.
Бұдан бөлек, шығындар өндіру мен өңдеу барысында да жалғасады. Кен өндіру кезінде пайдалы компоненттердің 5–10%-ы жоғалуы мүмкін болса, кенді өңдеу және дайын өнім алу кезеңінде тағы 15–30%-ы жоғалады.
Соның салдарынан кейбір пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауындағы бастапқы пайдалы компоненттердің жартысынан азы ғана соңғы өнімге дейін жетеді.
Қазір кен орындарын бағалау кезінде заманауи технологиялармен қатар экологиялық, техникалық және экономикалық факторлар да ескеріледі. Дегенмен негізгі критерий ретінде әлі де қысқа мерзімдегі ең жоғары табыстылық алынады.
“Тек экономикалық пайданы емес, кен орындарын игеру барысында ел жоғалтып жатқан ресурстар көлемін де ескеру қажет. Кей жағдайда кедей кендер мен байыту қалдықтарын бөлек жинап сақтау әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Өйткені технология дамыған сайын және нарық жағдайы өзгерген кезде оларды қайта өңдеу анағұрлым тиімді болады”, – дейді Низами Джафаров.
Сарапшының пікірінше, бұл – жер қойнауын пайдаланудың жаңа моделіне көшу үдерісі. Енді тек жаңа кен орындары ғана емес, ондаған жыл бойы өндіріс қалдығы саналып келген үйінділердің өзі стратегиялық маңызы бар ресурсқа айналып отыр.