Қазақстанда экологиялық таза авиациялық отын өндіретін (SAF) зауыт салынады

Кәмшат Тілеухан 22 қыр. 2025 10:11

"ҚазМұнайГаз" бен LanzaJet Қазақстанда тұрақты авиациялық отын өндіретін (SAF) зауыт салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) бекітті,деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Нью-Йорк қаласында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов америкалық LanzaJet технологиялық компанияның басшылығымен — бас атқарушы директоры Джимми Самарциспен және коммерциялық мәселелер жөніндегі вице-президенті Стефан Тионмен кездесті. Тараптар Қазақстанда тұрақты авиациялық отын өндіретін (SAF) зауыт салу бойынша аяқталған техникалық-экономикалық негіздеменің (ТЭН) нәтижелерін және алдағы іс-шараларды қарастырды", делінген компания баспасөз қызметінің хабарламасында.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚМГ мен LanzaJet арасында Негіздемелік келісімге қол қойылды. Құжат ТЭН нәтижелерін ресми түрде бекітті. Енді жаңа кезең — нақты жобалау (FEED) басталады. Бұл кезең аясында зауыт құрылысы үшін барлық техникалық және экономикалық шешімдер әзірленеді. Бұдан бұрын нарыққа жүргізілген талдау көрсеткендей, 2030 жылға қарай Қазақстанда SAF тұтыну көлемі жылына 70 мың тоннаға жетуі мүмкін.

"Бірлескен жұмыс екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып, төмен көміртекті даму мақсаттарына жетуде және жаңа технологияларды енгізуге ықпал ететін болады. Жалпы, бұл жоба биологиялық отын нарығының дамуына, авиацияның экологиялық параметрлерін және еліміздің транзиттік әлеуетін жақсартуға оң әсерін тигізбек", — деп атап өтті Асхат Хасенов. 

Айта кетсек, SAF (Sustainable Aviation Fuel) — мұнаймен байланысты емес жаңартылатын ресурстардан өндірілетін экологиялық таза авиаотын. Оны дәстүрлі Jet A-1 авиакеросинінге қосып пайдалану нәтижесінде парник газдарының шығарындысын 95% дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркте жұмыс сапарымен жүргені белгілі. Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясына қатысып, бірқатар мемлекеттің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөз жүргізеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапары аясында Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесіп, Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытатынын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар