Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) елде тұрғын үйдің қолжетімділігі төмендеп жатқанын, бұл ипотекаға сұранысты тежейтін негізгі факторлардың біріне айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қауымдастықтың мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы жартысында ипотекалық несиеге сұраныс өткен жылмен салыстырғанда төмен деңгейде қалды. Ипотека алуға берілген өтініштер саны бір жылда 13,4%-ға азайып, 419,2 мыңға жеткен.
Бірінші тоқсанда сұраныс тоқсандық есеппен 20,8%-ға күрт төмендегенімен, екінші тоқсанда 18,7%-ға өсіп, біршама қалпына келе бастаған. Сарапшылар мұны нарықтағы ең әлсіз кезеңнің артта қалғанының белгісі деп бағалайды.
ҚҚҚ дерегінше, тұрғын үй бағасының халық табысынан әлдеқайда жылдам өсуі ипотекаға сұранысты шектеп отыр. Соңғы бір жылда бастапқы нарықтағы баспана бағасы 15,5%-ға, қайталама нарықта 11,8%-ға қымбаттаған. Ал халықтың нақты ақшалай табысы небәрі 0,1%-ға ғана артқан.
Сарапшылардың айтуынша, баспана құны мен табыс арасындағы алшақтықтың ұлғаюы бастапқы жарнаға қойылатын талаптарды күшейтіп, ипотека рәсімдеуге қауқарлы азаматтардың санын азайтады.
Соған қарамастан, тұрғын үй сатып алу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) алынатын қаражат көлемі айтарлықтай өскен. Алғашқы жартыжылдықта тұрғын үй мақсатында пайдаланылған зейнетақы жинақтары 59%-ға көбейіп, 407,5 млрд теңгеге жеткен.
Сонымен бірге ипотекалық өтініштердің мақұлдану деңгейі артқан. Былтыр бұл көрсеткіш 26,1% болса, биыл 28,1%-ға жеткен. Екінші тоқсанда мақұлданған өтініштердің үлесі 32,8%-ды құрады. Қаржыгерлер мұны банктер талаптарына сәйкес келетін өтініштердің көбеюімен және жеңілдетілген бағдарламалардың үлесінің артуымен байланыстырады.
Өтініштер саны азайғанымен, жаңа ипотекалық несиелер көлемі 12,4%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл ретте жалпы бөлшек несие нарығы 3,6%-ға қысқарған.
Нарықтағы өсімнің негізгі драйвері «Отбасы банкі» болды. Банктің ипотекалық несиелері бір жылда 32,8%-ға өсіп, 916,7 млрд теңгені құрады. Ал екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекалық өнімдері 39%-ға қысқарып, 161,5 млрд теңгеге дейін төмендеген.
Сарапшылардың пікірінше, ипотека нарығындағы оң көрсеткіштер толықтай дерлік «Отбасы банкі» мен мемлекеттік қолдау бағдарламаларының есебінен қалыптасып отыр. Соның салдарынан екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасының үлесі бір жыл ішінде 26,2%-дан 14,3%-ға дейін азайған.
Жеңілдетілген бағдарламалардың басымдығы ипотека бойынша орташа мөлшерлемені шамамен 10% деңгейінде ұстап тұр. Бұл көрсеткіш базалық мөлшерлеме 18% болған нарықтық жағдайдан әлдеқайда төмен.
Сонымен қатар қазақстандықтар бұрынғыдан ірі көлемдегі несиелерді көбірек ала бастаған. Мәселен, көлемі 20 млн теңгеден асатын ипотекалардың үлесі 31,4%-дан 39,6%-ға дейін өскен. Ал 10 млн теңгеге дейінгі несиелердің үлесі 20,7%-дан 16,5%-ға төмендеген.
ҚҚҚ мұны жылжымайтын мүлік бағасының қымбаттауымен байланыстырады. Яғни баспана сатып алу үшін азаматтарға бұрынғыдан көбірек қаржы тартуға тура келеді.
Жыл басынан бері ипотекалық портфель 7,2%-ға өсіп, 7,5 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде «Отбасы банкінің» ипотекалық портфелі 4,4 трлн теңгені құрап, нарықтың шамамен 60%-ына жақындаған.
Соған қарамастан ипотекалық несиелер сапасы жоғары деңгейде қалып отыр. Мерзімі өткен берешек үлесі 0,41% деңгейінде сақталған. Сарапшылар мұны кепілзаттың болуы, бастапқы жарна талаптары және қарыз алушыларды мұқият іріктеу жүйесімен түсіндіреді.
ҚҚҚ болжамынша, үшінші тоқсанда жеңілдетілген бағдарламалардың кеңеюі мен құрылыс компанияларымен бірлескен жобалардың арқасында ипотекаға сұраныс әрі қарай қалпына келе береді.
Алайда қаржыгерлер қазіргі өсім ипотека нарығының толық жанданғанын білдірмейтінін атап өтті. Өйткені өтініштер саны әлі де өткен жылғы деңгейден төмен, ал несиелеудің негізгі бөлігі мемлекеттік қолдау құралдары арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй бағасының халық табысынан жылдам өсуі баспана алуға қажетті бастапқы капитал көлемін ұлғайтып, азаматтарды ірі көлемдегі несиелерге жүгінуге мәжбүрлеуде.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану бұл мәселені ішінара жеңілдеткенімен, ол тұрғын үй құны мен халық табысы арасындағы негізгі теңгерімсіздікті толық жоя алмайды.
Қауымдастық қорытындысында ипотека нарығының тұрақты әрі теңгерімді дамуы үшін екінші деңгейлі банктердегі нарықтық ипотеканы жандандыру қажет екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, ұзақ мерзімді қаржыландыру құны төмендемей және тұрғын үйдің қолжетімділігі артпайынша, ипотека нарығының дамуы негізінен мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен тұрғын үй жинақ жүйесіне тәуелді болып қала береді.