Қызылордадағы мұнай өңдеу зауытында 120 тонна мұнай өртеніп кетті

Қызылордадағы мұнай өңдеу зауытында 120 тонна мұнай өртеніп кетті
видео кадры

Қызылорда қаласындағы мұнай өңдеу зауыты аумағында ірі өрт болды. Жалпы көлемі 120 тонна мұнай өнімдері сақталған екі резервуар отқа оранды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, әрқайсысының сыйымдылығы 60 тонна болатын екі резервуар ашық жалынмен жанған. Өрт шыққан орынның маңында тағы үш резервуар орналасқандықтан, тілсіз жаудың оларға таралу қаупі туындаған.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бірнеше қызметтің күштері мен құралдарын жұмылдырған.

«Өртті сөндіру штабы құрылды. Көршілес резервуарларды қорғау үшін лафеттік оқпандар орнатылып, көбікпен сөндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде өрттің таралуына жол берілмей, жақын маңдағы үш резервуар сақталып қалды», – деп хабарлады ТЖД өкілдері.

Өрттің жалпы аумағы шамамен 200 шаршы метрді қамтыған. Қазіргі уақытта жалын толық сөндірілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.