Қазақстанның жаңа саяси жүйеге көшуі, Құрылтайдың жұмысы, президент өкілеттігінің күшеюі және Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесі биылғы Президент Жолдауында басты тақырыптардың қатарында болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қоғам қайраткері Қазыбек Бейсебаевтың пікірінше, биылғы Жолдаудың негізгі ерекшелігі – оның жаңа Конституция қабылданып, елдің саяси жүйесі өзгергеннен кейін өтуінде.
Сарапшының айтуынша, билік бұл кезеңді Қазақстанның «жаңа саяси дәуірге» қадам басуы ретінде сипаттауы мүмкін. Жаңа Конституция, Құрылтайдың құрылуы, Парламент жүйесінің өзгеруі және болашақтағы Халық кеңесі туралы мәселелер Жолдауда айтылуы ықтимал.
«Негізгі ерекшелігі – жаңа Конституция, жаңа саяси жүйе, жаңа дәуір. Біз болашаққа қадам жасап отырмыз деп айтылады. Қазір екі палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келді, Халық кеңесі туралы да мәселе бар. Сондықтан билік мұны жаңа Қазақстанның жаңа құрылымы ретінде көрсетеді», – деді Қазыбек Бейсебаев.
Сонымен қатар қоғам қайраткері саяси реформалардың тағы бір қырына назар аударды. Оның пікірінше, жаңа Конституциядағы өзгерістер президенттің өкілеттігін айтарлықтай күшейтті.
«Меніңше, жай ғана саяси өзгеріс болды деп айту жеткіліксіз. Жаңа Конституцияға қарасақ, президенттің өкілеті күшейді. Қазір президент билік тармақтарының басшыларын өзі тағайындайды немесе ұсынады. Мысалы, бұрын Мәжіліс төрағасын депутаттардың өздері сайлайтын. Ал жаңа жүйеде Құрылтай президент ұсынған кандидатураны екі рет қабылдамаса, Құрылтай таратылуы мүмкін», – деді ол.
Бейсебаевтың сөзінше, сондықтан Жолдауда «саяси реформа», «жаңа дәуір», «жаңа жүйе» деген ұғымдар жиі айтылғанымен, қоғам үшін осы реформалардың нақты саяси салдарын түсіну маңызды.
Оның пікірінше, жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтіні, Құрылтайдың өкілеті қандай болатыны және Халық кеңесі нақты қалай құрылатыны да қоғам үшін маңызды сұрақ болып отыр.
«Қазақстан Халық кеңесі туралы әзірге толық ақпарат жоқ. Оның құрамына кімдер кіреді, қалай құрылады, қандай өкілеті болады – осы мәселелерге де Жолдауда бір-екі ауыз сөз айтылуы мүмкін», – деді қоғам қайраткері.
Сарапшы экономикалық мәселелер де биылғы Жолдаудың маңызды бөлігі болады деп санайды. Әсіресе Ұлттық қор қаражатын пайдалану туралы мәселе қоғам назарында.
Оның айтуынша, бұған дейін Ұлттық қордағы қаражат болашақ ұрпақтың қоры ретінде қарастырылып келді. Сондықтан оны экономиканы дамытуға бағыттау туралы шешім қабылданса, қаражаттың қандай мақсатқа және қандай механизммен жұмсалатыны маңызды.
«Ұлттық қордың ақшасы – болашақ ұрпақтың ақшасы деп айтып келдік. Енді оны алып, пайдалану туралы сөз болып отыр. Ең басты сұрақ – ол ақша қалай жұмсалады? Оған қандай бақылау болады? Қазақстандағы ең үлкен мәселелердің бірі – жемқорлық. Сондықтан Ұлттық қор қаражатын пайдалану кезінде бақылау мәселесі өте маңызды», – деді Бейсебаев.
Қоғам қайраткері Алматыдағы Көкжайлау аумағында салынып жатқан тау шаңғысы курортына қатысты экологиялық мәселені де назардан тыс қалдырмау керектігін айтты. Оның пікірінше, ірі инфрақұрылымдық жобалар экономикалық пайдасымен қатар табиғатқа ықтимал әсері тұрғысынан да бағалануы тиіс.
«Мен Алматыда тұрғандықтан, Көкжайлаудағы жағдайға да назар аударамын. Бұған дейін президент ол жерде құрылыс болмайды деген еді, қазір жұмыстар басталды. Мұндай жобалардың экологияға әсері қандай болады деген сұрақ бар. Бұл да қоғам үшін маңызды мәселе», – деді ол.
Бейсебаевтың айтуынша, Қазақстанның халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаттағы ұстанымы да Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі болуы мүмкін.
Сарапшы қазіргі геосаяси ахуал барлық мемлекетке әсер етіп отырғанын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы орны, елдің сыртқы саясаттағы бағыты және жаңа жағдайдағы ұлттық мүдделерді қорғау мәселелері де президенттің сөзінде көрініс табуы мүмкін екенін айтты.
Осылайша, Қазыбек Бейсебаев биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі жаңа саяси жүйенің іске қосылуымен байланысты болатынын атап өтті. Оның пікірінше, қоғам үшін «жаңа дәуір» туралы жалпы ұрандардан бөлек, билік тармақтарының арақатынасы, президент өкілетінің шегі, Құрылтайдың рөлі, Ұлттық қор қаражатының жұмсалуы және ірі жобалардың қоғам мен табиғатқа әсері сияқты нақты мәселелерге жауап маңызды.