Астанада Алматының бұрынғы әкімі, «Нұр Отан» партиясы төрағасының экс-орынбасары Бауыржан Байбекке тиесілі қымбат сағаттардың жоғалуына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдарына арызбен оның жұбайы Жанар Байбек жүгінген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұрлыққа 31 жастағы ер адам қатысы болуы мүмкін. Ол бұрын Байбектің көмекшісінің көмекшісі болып жұмыс істеген, деп жазды журналист Михаил Козачков.
Тергеу мәліметінше, күдікті тек сағаттарды алып кетіп қана қоймай, олардың орнына алдын ала дайындаған көшірмелерін қалдырған. Алайда уақыт өте келе үй иелері түпнұсқалардың ауыстырылғанын байқап, полицияға хабар берген. Жоғалған бұйымдардың қатарында Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne секілді әлемдік брендтердің сағаттары бар. Олардың құны ондаған миллион теңгемен бағалануда.
Жанар Байбек өз арызында 2022 жылдың наурызында балаларымен бірге Қазақстаннан кеткенін, кейін 2024 жылы елге қысқа мерзімге келіп кеткенін, ал жақында қайта оралғанда жоғалған заттарды анықтағанын көрсеткен. Оның мәліметінше, жалпы құны 170 миллион теңге болатын сегіз сағат жоғалған. Тергеу барысында Байбектің көмекшісі Мақсат және оның көмекшісі Нұрболаттың аты аталған. Нұрболат Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінде орналасқан пәтерге еркін кіріп-шығуға мүмкіндік алған.
Сұхбат барысында Нұрболат сағаттарды ауыстырғанын мойындағанымен, сегіз емес, тек төрт сағатқа қатысты әрекет жасағанын айтқан. Сонымен қатар ол бұл бұйымдарды сатып жібергенін жеткізген. Тергеу кезінде сағаттарды сатып алған адамнан тәркіленген телефондағы хат-хабарлар алты сағаттың сатылғанын растайтын деректерді көрсеткен. Осыған байланысты тергеушілер нақты қанша сағаттың жоғалғанын және олардың жалпы құнын анықтап жатыр.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған аса ірі көлемдегі ұрлық бабы бойынша айып тағылып отыр. Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.