Қазақстан Ұлттық Банкі мен Binance Investments Co. компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат елімізде Binance тобының өңірлік есеп айырысу хабын бірлесіп дамытуға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қол қою рәсіміне Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен Binance негізін қалаушы Чанпэн Чжао қатысты. Меморандумға Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов және Binance жаһандық кеңсесінің өңірлік даму және операциялық қызмет жөніндегі басшысы Кирилл Хомяков қол қойды.
Жоспар бойынша Қазақстанда құрылатын хаб халықаралық төлемдер мен ақша аударымдарына қызмет көрсетеді. Оның ішінде Орталық Азия, ТМД және Шығыс Еуропа елдеріндегі Binance клиенттерінің цифрлық активтермен байланысты операциялары да қамтылады.
Жобаны жүзеге асыру үшін елімізде Binance тобына қарайтын арнайы ұйым мен қажетті инфрақұрылым құрылады. Компания Ұлттық Банктен бірінші санаттағы төлем ұйымы ретінде жұмыс істеуге лицензия алуы тиіс.
Ұлттық Банктің мәліметінше, мұндай жобаны іске асыруға цифрлық активтер айналымын реттеу саласындағы заңнамалық өзгерістер мүмкіндік берген. Жаңа талаптар қаржы нарығындағы бәсекені арттырып, халықаралық компаниялар мен инновациялық төлем қызметтерінің Қазақстан нарығына келуіне жол ашады.
Жоба іске асса, Binance-тің өңірдегі операцияларының бір бөлігі Қазақстанға көшіріліп, көптеген клиентке еліміздің заңнамасы аясында қызмет көрсетіледі. Бұл халықаралық технологиялық тәжірибені тартуға, цифрлық қаржы қызметтерінің экспорттық әлеуетін арттыруға және Қазақстанның өңірлік қаржы технологиялары орталығы ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.