«Өзің үшін бала тусаң, жәрдемақы жоқ»: 2027 жылдан не өзгереді?

«Өзің үшін бала тусаң, жәрдемақы жоқ»: 2027 жылдан не өзгереді?
pixabay.com

Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмектің бірқатар түрін тағайындау тәртібі өзгереді. Төлемдер отбасының құрамына ғана емес, оның нақты материалдық жағдайына қарай белгіленеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындауда мұқтаждық деңгейі ескеріледі. Бұл ретте отбасының барлық кәмелетке толған мүшелері туралы ақпарат қаралады. 

Министрлік қазіргі уақытта әлеуметтік көмектің 14 түрін отбасының әл-ауқатына қарай тағайындауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында:

•⁠  ⁠бала туған кезде берілетін жәрдемақы;
•⁠  ⁠бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысы;
•⁠  ⁠көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
•⁠  ⁠«Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлеріне арналған төлемдер;
•⁠  ⁠мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуге байланысты кейбір төлемдер;
•⁠  ⁠бірінші топтағы мүгедектігі бар баланы күтетін адамдарға арналған жекелеген төлемдер;
•⁠  ⁠басқа да әлеуметтік төлемдер кіреді. 

Министрлік түсіндіруінше, отбасының әл-ауқаты бес санат бойынша бағаланады: А – әл-ауқаты жоғары, В – қамтамасыз етілген, С – қанағаттанарлық, D – экономикалық тұрғыдан осал, Е – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал. 

Жаңа жүйеде А және В санатына жататын отбасыларға бірқатар әлеуметтік төлемдер берілмейді. Ал С, D және Е санатындағы отбасылар әлеуметтік қолдау алуға құқылы болады. 

Отбасының санатын анықтау кезінде тек жалақы көлемі емес, бірнеше фактор қатар есепке алынады. Олардың ішінде табыс, тұрғын үй жағдайы, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, кәсіпкерлік қызмет, жер учаскелері және басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бар. 

Мысалы, министрлік түсіндірмесінде А санатына жататын отбасы мүшесінің орташа жан басына шаққандағы табысы 7 және одан да көп күнкөріс минимумына, ал В санатында 5–6 күнкөріс минимумына жетуі мүмкін екені айтылған. Алайда түпкілікті шешім тек табысқа қарап қабылданбайды, отбасының басқа да көрсеткіштері ескеріледі. 

Бұл ретте жәрдемақылардың мөлшерін қысқарту жоспарланып отырған жоқ. Өзгеріс ең алдымен оларды кім алатынына қатысты болады. Әлеуметтік төлем алушылар отбасының әл-ауқатын бағалау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді пайдалануға келісім беруі керек. 

Министрлік бұған дейін де төрт және одан көп баласы бар отбасылардың жәрдемақыдан айырылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарған. Қолданыстағы тәртіп бойынша төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған баласы бар отбасы көпбалалы отбасы саналады. 

Яғни, 2027 жылдан бастап «төрт балаң болса, жәрдемақы жоқ» деген ереже болмайды. Негізгі өзгеріс – отбасының табысы мен мүліктік жағдайы да есепке алынып, жоғары әл-ауқатты отбасыларға бірқатар бюджеттік жәрдемақылардың тағайындалмауы. 

Министрлік жаңа жүйенің нақты тетіктері заңмен бекітілетінін мәлімдеді.