Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заң жобасын өз қарауына алды. Депутат Татьяна Савельева аталған заң жобасы Мемлекет басшысының қаржы секторын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленгенін нақтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Банк қызметінің жалпы ережелерін, мақсаттарын, міндеттерін, реттеу және корпоративтік басқару қағидаттарын жетілдіру тұрғысында өзгерістер енгізілуде. Бұл бүкіл банк секторы үшін бірыңғай және тиімді негіз құруға мүмкіндік береді. Банктік қадағалау белгіленіп, банктерді ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптар да өзгертілуде", - деді Савельева.
Аталған блоктағы негізгі бастамалардың бірі – базалық банктік лицензияны енгізу. Бұл нарыққа жаңа банктердің ену шарттарын жеңілдетеді және бәсекелестікті арттырады, сонымен қатар бизнесті несиелендіруге оң әсер етеді. Сонымен қатар қаржы ұйымдарының басшылары үшін стандарттар жоғарылайды, сондықтан басшылыққа тек кәсіби дайындалған және адал мамандар келеді.
"Сондай-ақ, салымшылардың мүдделерін қорғау және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау мақсатында төлемге қабілетсіз банктерді реттеу тетіктері енгізілуде", деп сөзін толықтырады депутат.
Айта кетсек, биылғы өз халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы "Банктер туралы" заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастыру керек екенін айтты. Бұл туралы экономист Руслан Сұлтанов егжей-тегжейлі айтып берген болатын. Оны мына арадан оқи отырыңыздар.