Қазақстанда алғаш рет бұрынғы судья зейнетақы төлемі мен құрметті мәртебесінен айырылды. Қызылорда облысының бұрынғы судьясы Молдабек Ахметов сот орындаушысына қатысты агрессивті әрекет көрсеткені үшін барлық артықшылықтарынан айырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметке сәйкес, Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы негізінде Қазақстан президенті Молдабек Ахметовті өмір бойы төленетін ай сайынғы 500 мың теңге көлеміндегі қамсыздандырудан және судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заңда көзделген кепілдіктерден айырған, деп жазады "Уральская неделя" басылымы.
Оқиға бұрынғы судья мен қызметтік міндетін атқарып жүрген сот орындаушысы арасында болған. Сот орындаушысының талаптары Ахметовтің наразылығын туғызып, ол ашуға берілген. Сот орындаушысы өзіне айтылған қорлайтын сөздер мен агрессивті әрекеттерді ұялы телефон камерасына түсірмек болған кезде, Ахметов оның қолындағы смартфонды жұлып алып, куәлардың көзінше жерге ұрып сындырған.
Осыдан кейін сот орындаушысы Қызылорда облысындағы Судья әдебі жөніндегі комиссияға шағым түсірген.
Комиссия мүшелері бұрынғы әріптесінің әрекетін судьялық әдеп талаптарына сай келмейтін теріс қылық деп бағалаған. Кейін бұл шешім мемлекет басшысына жолданған.
Нәтижесінде Молдабек Ахметовтің кәсіби қызметтегі бұрынғы жетістіктері мен алған марапаттары оны жауапкершіліктен құтқара алмады. Президент жарлығымен ол зейнетақы төлемінен, құрметті мәртебесінен және бұрын берілген артықшылықтарынан айырылды.
Айта кетейік, Молдабек Ахметовтің ұлы Әлібек Ахметов қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарады.