Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болған

Көркем Алдабергенова 28 сәу. 2025 16:30 222

Қазақстанда телефон арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Бұл туралы «Мемлекеттік техникалық қызмет» мамандары хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшылар алаяқтардың әрекет ету тәсілдерін зерттей келе, олардың ресми мекемелердің атын жамылып, түрлі схемалар арқылы азаматтардың жеке деректеріне және мемлекеттік қосымшалардағы аккаунттарына қол жеткізуге тырысатынын анықтады. Олар емханалар, коммуналдық қызметтер және жеткізу компаниялары сияқты ұйымдардың атын пайдаланады.

Алаяқтықтың негізгі тәсілдері
1. Емхана тіркеу қызметі атынан қоңырау шалу
Алаяқтар шынайы емханалардың қызметкерлері болып танысып, нақты мекенжай мен атауларды айтып сенім ұялатуға тырысады. Олар белгілі бір күннен бастап дәрігерге жазылу немесе жедел жәрдем шақыру үшін ЖСН емес, арнайы «медициналық декларация нөмірі» қажет екенін айтады. Шын мәнінде, олар сұратқан «декларация нөмірі» азаматтың DamuMed немесе eGov сияқты қосымшаларға кіруіне арналған бір реттік SMS-код болып табылады. Бұл кодты алған соң, олар алты таңбалы санды айтып беруіңізді сұрап, жеке аккаунтыңызды иемденуге мүмкіндік алады.

2. Коммуналдық қызмет атынан есептегіштерді тексеру
Өздерін «Астана Энергосбыт», «Алматы Су» және басқа коммуналдық ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар, есептегіштерді ауыстыруға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы айтып, қашан соңғы рет есептегіш ауыстырылғанын сұрайды. Кейін өтінім ашылғанын сылтауратып, сізге телефон арқылы код жіберіп, оны айтып беруіңізді сұрайды. Бұл қадам арқылы олар да сіздің электронды жүйелердегі мәліметтеріңізге қол жеткізуге ұмтылады.

3. Мемлекеттік мекемеден келген хат туралы хабарлама
«Қазпошта» немесе курьерлік қызмет қызметкерлері ретінде байланыс орнатқан алаяқтар, салық комитеті, Қаржы мониторингі агенттігі немесе ХҚКО сияқты мекемелерден сізге тапсырыс хат келгенін хабарлайды. Олар мекенжайды нақтылап, 1414 немесе 1412 сияқты нөмірлерден SMS-хабарлама жіберіп, ішіндегі кодты айтуыңызды немесе сілтеме арқылы өтуді сұрайды. Бұл — деректерді ұрлау немесе зиянды бағдарлама орнату мақсатында жасалатын қадам.

Сарапшылардың ескертуі
«Мемлекеттік техникалық қызмет» мамандарының айтуынша, алаяқтар азаматтардың аты-жөні мен мекенжайын біліп, сенімге кіргісі келеді. Алайда ресми мемлекеттік немесе коммуналдық мекемелер ешқашан телефон арқылы SMS-кодты немесе мессенджердегі сілтемені сұрамайды.

Қауіпсіздік бойынша кеңестер:
SMS арқылы келген растау кодтарын бөгде адамдарға ешқашан бермеңіз — тіпті олар мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырса да;

Телефон арқылы жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) және басқа жеке мәліметтерді айтпаңыз;

Бейтаныс адамдар жіберген SMS-тегі сілтемелерге өтпеңіз;

Күмәнді қоңырауларды тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз;

Күдікті қоңыраулар туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар