Қазақстан үшін Ирандағы тұрақтылық неліктен маңызды?

Сағыныш Сардарова 29 қаң. 2026 10:23

Иран айналасындағы ахуал шиеленісе түскен тұста Қазақстанның салмақты әрі ұстамды ұстанымы назар аудартады. Астана өткір мәлімдемелерден бойын аулақ ұстап, дипломатиялық тепе-теңдікті сақтауға басымдық беріп келеді. 

Қазақстан үшін бұл мүдде нені білдіреді? Осы сұраққа халықаралық қатынастар жөніндегі Qazaq Expert Club сарапшысы Мерует Шәкірова жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан ең алдымен Иранмен дипломатиялық диалог үзілмеуіне мүдделі. Себебі Иран - өңірдегі маңызды сауда серіктестердің бірі. Ұлттық статистика деректеріне сүйенсек, кейінгі жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы 300–500 млн доллар аралығында сақталып келеді. Ал саяси және логистикалық жағдай қолайлы болса, бұл көрсеткішті 600–700 млн долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Қазақстан Иранға негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін - астық, ұн және басқа да тауарларды экспорттайды. Сонымен қатар, металлургия мен мұнай-химия саласының кейбір өнімдері де жеткізіледі. Иран ішіндегі немесе сыртқы саясаттағы тұрақсыздық экспорт пен тасымал тізбегіне тікелей қауіп төндіреді.

Екінші маңызды фактор - Иранның "Солтүстік–Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізіндегі орны. Бұл маршрут Ресей, Қазақстан, Иран, Үндістан және Парсы шығанағы елдерін байланыстырады. Жобаның жалпы ұзындығы - шамамен 7 мың шақырым, ал жылдық өткізу мүмкіндігі 25–30 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Қазіргі нақты тасымал көлемі 15–20 млн тонна шамасында. Бұл әлеует толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Қазақстан үшін бұл дәліз сыртқы сауданы әртараптандыруға әрі дәстүрлі бағыттарға тәуелділікті азайтуға жол ашады.

Үшіншіден, Иран - Каспий маңы елдерінің бірі. Қазақстан үшін Каспий аймағы экономикалық тұрғыдан айрықша маңызды. Мұнай экспортының шамамен 70 пайызы осы бағыт арқылы өтеді, ал Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайдың 80 пайызына жуығын әлемдік нарыққа шығарады. Бұдан бөлек, Иран тәулігіне 3-3,5 млн баррель мұнай өндіретін ірі ойыншылар қатарында. Оның экспорт көлемі 1,5-2 млн баррельге бағаланады.

Сарапшы Иранның аймақтық қауіпсіздікке де ықпалы зор екенін атап өтті. Ел Сирия, Ирак және Ауғанстандағы жағдайға әсер етіп отыр. Сонымен қатар, Иран Ормуз бұғазын бақылауда ұстайды. Бұл бұғаз арқылы әлемдік теңіз мұнай саудасының шамамен 20 пайызы өтеді. Сондықтан кез келген эскалация жаһандық нарық үшін қауіп тудырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove