Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жаңа сапалық кезеңге қадам басып, жан-жақты стратегиялық серіктестік аясында белсенді дамып келеді. Атап айтқанда, сауда-экономика, мәдениет, көлік-логистика, сондай-ақ білім мен ғылым салаларында ынтымақтастық айтарлықтай нығайды.
«Қытай – біз үшін тату көрші ғана емес, жақын досымыз әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Біз ортақ тарихтың, тату көршілік қатынастардың және өзара қолдаудың мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық»,-деген еді өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Білім мен ғылым – Қазақстан – Қытай қарым-қатынасының маңызды бағыттарының бірі. Жыл сайын жүздеген қазақстандық студент Қытай университеттерінде оқыса, қытайлық жастар да еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Бұл үрдіс жастар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, екі ел арасындағы өзара түсіністікті арттырып отыр. Дереккке сүйенсек, биыл Қытай Үкіметі қазақстандық студенттер үшін 44 грант (бакалавр, магистратура, докторантура) бөлді. Тәлімгерлер екі ел арасындағы келісім бойынша тегін оқиды. Оларға оқу барысында барлық қажетті жағдайлар жасалған: жатақханадан тегін орын беріледі, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандырумен қамтылады. Бұдан бөлек, Қытай үкіметі тарапынан шәкіртақы тағайындалған. Бакалавриатта оқитындарға ай сайын 2500 қытай юані, магистранттарға 3000 юань, ал докторанттарға 3500 юань көлемінде стипендия беріледі.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытайдың ғылыми-зерттеу институттары мен университеттері бірлескен жобалар мен зерттеулер жүргізуде. Мысалы, ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, ІТ және биотехнология салаларында серіктестік жанданып келеді. Қазақстанда Конфуций институттарының жұмысы кеңейіп, қытай тіліне деген қызығушылық артып отыр. Ал Қытайда қазақ тілі мен мәдениетін зерттейтін орталықтар жұмыс істейді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология факультеті Қытай тілі және қытайтану кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Гулия Алиханқызының айтуынша, соңғы жылдары жоғары оқу орындары деңгейінде білім беру бағдарламаларын үйлестіру, академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми жобалар жүргізу және оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуы сияқты бағыттар белсенді жүзеге асырылып келеді. Қазақстандық университеттер мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындары арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылып, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың ауқымы кеңейіп отыр.
«Өткен жылы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды оқиға болды. Сапар аясында 30-дан аса құжатқа қол қойылып, білім, ғылым, мәдениет, көлік-транзит салаларындағы өзара байланыстарды нығайту бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізілді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында қытай тілін оқытуға арналған арнайы кафедралар құрылып жатыр. Абай атындағы ҚазҰПУ-де ашылған «Қытай тілі және қытайтану» кафедрасы – осы бағыттағы сәтті бастамалардың бірі. Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға, сондай-ақ болашақ кәсіби кадрларды сапалы даярлауға елеулі үлес қосады,-деді Гулия Алиханқызы.
Еске салсақ, Абай атындағы ҚазҰПУ Филология факультетінде Қытай тілі және қытайтану кафедрасы 2024 жылдың қарашасында ашылған болатын. Қазіргі уақытта кафедрада 300 студент білім алып жатыр.
«Студенттеріміз Қытай Халық Республикасының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында тығыз байланыс орнатқан. Осы бағдарлама шеңберінде 98 студент ҚХР университеттерінде білім алып, өзара тәжірибе алмасып, тілдік құзыреттілігін арттырып, таным көкжиегін кеңейтті. Академиялық ұтқырлық нәтижесінде студенттеріміздің қытай тілін меңгеру деңгейі едәуір жақсарды, бұл олардың кәсіби дамуына зор ықпал етті. Кафедра түлектері қытай және ағылшын тілдерінің білікті мұғалімдері ретінде еліміздің түрлі білім беру мекемелерінде жемісті еңбек етіп, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие мамандар ретінде танылады деген сенім мол»,- деді Гулия Алиханқызы.
Білім және ғылым саласындағы қазақ-қытай әріптестігі – тұрақты даму мен өзара тиімді серіктестіктің берік негізі. Алдағы уақытта бұл байланыстар цифрлық технологиялар мен инновациялар саласында жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.