Қазақстан ОПЕК+ алдында мұнай өндірісі көлемін неге арттырғанын түсіндірді

Кәмшат Тілеухан 17 ақп. 2025 11:06 490

ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Сауд Арабиясы корольдігінің энергетика министрі және ОПЕК+ төрағасы, мәртебелі ханзада Абдулазиз бен Салманмен және РФ премьер-министрінің орынбасары және ОПЕК+ тең төрағасы Александр Новакпен, сондай-ақ ОПЕК Бас хатшысы Хайтам Әл-Гаиспен телефон арқылы келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талқылау барысында Алмасадам Сәтқалиев қаңтар айында Қазақстанда мұнай өндіруді ұлғайтуға қатысты техникалық түсініктеме берді.

"Министр бұл өсім Келешек кеңейту жобасы шеңберінде Теңіз мұнай кен орнындағы жаңа үшінші буын зауытында мұнай өндірудің басталуымен байланысты екенін атап өтті. Энергетика министрі бұған дейін өндірісті ұлғайту 2025 жылдың маусым-шілде айларында басталады деп жоспарланғанын түсіндірді. Алмасадам Сәтқалиев сондай-ақ өндірістің ұлғаюы кен орнына техникалық қызмет көрсетуден және Теңіз кен орнында жаңа қайта өңдеу қондырғысын пайдалануға бергеннен кейін жүргізілген уақытша біржолғы тестілеудің нәтижесі болғанын айтты", делінген ҚР Энергетика министрлігінің ресми хабарламасында.

Сәтқалиев өтемақы тетігін қоса алғанда, Қазақстан ОПЕК+ келісімі шеңберінде өз міндеттемелерін әлі де толық ұстанатынын растады. Қазақстан қаңтар айындағы шекті көлемнен асып кетудің орнын толтыру үшін басқа мұнай кен орындарында өндіруді қысқартуды қоса алғанда, өз міндеттемелерін орындау бойынша одан әрі шаралар қабылдайды.

Сондай-ақ ол Қазақстан қаңтар айында өтемақының артық өндірілуін де, орындалмаған көлемін де ескеретін жаңартылған өтемақы жоспарын ұсынатынын айтты.

Төраға мен тең төраға ОПЕК+ келісіміне сәйкес міндеттемелер мен өтемақыны толық орындаудың маңыздылығын растады және нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында ОПЕК+ бірнеше елдерінің ерікті қысқартулары мен күш-жігерінің рөлін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан ОПЕК+ бірлескен комитетінің 58-ші отырысы барысында ОПЕК+ келісіміне адалдығын растаған болатын. Қазақстан 2025 және 2026 жылдары өз міндеттемелерін орындау және 2024 жылдағы артық өндіріс көлемін өтеу үшін қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізді. Осылайша Қазақстан бұзушылықтарды өтеудің жаңа кестесін ұсынады.  ОПЕК + министрлері мониторинг комитеті отырысында өндірісті қосымша қысқартуды қоса алғанда, ҚР келісімдеріне бейілділікті жақсартуды құптады (елдер 8-ші қатысушы елдермен бірге квоталарға қосымша қысқартуларға қатысады).   ОПЕК + альянсының комитеті қазіргі мұнай саясатын өзгертпейтін болып шешім қабылдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар