Қазақстан Нигерияда сирек кездесетін металдарды іздеуді ұсынды

Кәмшат Тілеухан 27 ақп. 2025 12:30 302

23-26 ақпан аралығында Қазақстан делегациясының Нигерия Федеративтік Республикасына ресми сапары өтті. Сапар барысында Қазақстанның Нигерия Федерациясымен әріптестіктің үш бағыты ұсынылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сапар барысында  Нигерия королі Ooni of Ifeспен және Нигерия ФР-ның орталық мемлекеттік органдарымен, атап айтқанда Сыртқы істер министрлігімен, Өнеркәсіп, Байланыс және цифрлық экономика, Ауыл шарушылығы, Көлік министрліктері өкілдерімен және Нигерияның мұнай ресурстары министрімен ресми кездесулер өтті.

Сондай-ақ Нигерия Федерациясының ірі және орта бизнес өкілдерімен жүздесулер ұйымдастырылды. 

Министрлік тарапынан Қазақстанның Нигерия Федерациясымен әріптестік үш бағыт бойынша ұсынылды.

"Бірінші бағыт - тау-кен металлургия өнеркәсібі, оның ішінде сирек және жер сирек металдарын Нигерия аумағында зерттеу, екіншісі - химия және мұнай-химия бағыты, бұл жерде қазақстандық тыңайтқыштарды Нигерия нарығына жеткізу мәселесі қаралды, сондай-ақ қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды", делінген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарламасында.

Сапар аясында ұсынылған жоспарлар мен идеялар екі ел арасындағы байланыстардың одан әрі нығаюы мен дамуына серпін берері айқын.

Бұған дейін Нигерия Қазақстан мұнайына қызығушылық танытып отырғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ сайтымызда: "Трамп қаузап жатыр". Сарапшы шұғыл түрде стратегиялық активтер агенттігін құруды ұсынды" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар