Көкшетауда ұлтаралық араздықты қоздыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру" бабы аясында іс қозғалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Salem.alem. media дерегінше, даудың туындауына қаладағы сұлулық салондарының бірінде жұмыс істейтін қызметкерлер арасындағы жанжал себеп болған.
Оқиға былтыр өрбіген. Шаштараз Алмагүл Әлиеваның айтуынша, салон ішінде ортақ тыңдайтын музыкаға байланысты қызметкерлер арасында келіспеушілік туған.
Оның сөзінше, салонда бұған дейін орыс, түрік және грузин тілдеріндегі әндер еш кедергісіз қойылып келген. Алайда өзі қазақша ән қосуды ұсынғанда, әріптесі бұған қарсы шыққан.
Алмагүл Әлиеваның айтуынша, ол музыка пультіне барып қазақша ән қосқан кезде әріптесі: "Жоқ, қойма, біз ондайды тыңдамаймыз", - деп айтқан. Соған қарамастан ол әнді қосып, жұмысын жалғастыра берген.
Біраз уақыттан кейін клиенттері кетіп қалған соң, не себепті музыка өшірілгенін сұраған. Сол кезде әріптесі: "Мен саған айттым ғой - біз ондайды тыңдамаймыз. Мұндайды кім тыңдайды?" деген мазмұнда жауап бергенін айтады.
Екі қызметкер арасындағы сөзге келу ұзаққа созылмағанымен, оқиға кейін жалғасын тапқан. Алмагүл Әлиева бұл жағдайға байланысты полицияға арыз түсірген.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеолардың астындағы пікірлерде автор жанжалдан кейін қазақша музыкаға қарсы болған қызметкер заттарын жинап, салоннан жұмыстан кеткенін де жазған.
Қазір аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
