Қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның отбасына қандай төлемдер берілуі мүмкін?

Көркем Алдабергенова 19 қар. 2025 15:27

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның отбасына қандай төлемдер берілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ертаевтың айтуынша, қазір арнайы комиссия оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Комиссия жұмыс берушінің жауапкершілігін бағалап, тергеу актісін әзірлейді. Қандай төлемдер тағайындалатыны сол құжаттарға сүйеніп шешіледі.

Вице-министр келтірген мәліметке қарағанда, марқұмның отбасы төмендегі әлеуметтік қолдауларға үміт арта алады:

  • егер артында баласы қалса — асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы;
  • қызметкер үшін міндетті аударымдар жасалған болса — жерлеу жәрдемақысы (95 АЕК);
  • еңбек немесе тұрмыстық жарақатқа қатысты сақтандыру келісімі болған жағдайда — сақтандыру төлемдері.

Еске салайық, күні кеше Астанада басына кондиционер құлап жараланған фельдшер қайтыс болғаны хабарланды

Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түсіп, үш адам зардап шеккен. Әрі қарай оларға көмекке келген екі жедел жәрдем қызметкері де ауыр жарақат алды. Фельдшердің басына биіктен кондиционер құлап, бәрі жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты.

Өткен сенбіде қаннен-қаперсіз кетіп бара жатқан апалы-сіңлілердің басына тұрғын үйдің қасбеті құлаған. Ауыр жарақат алған екеу дереу ағасына қоңырау шалып көмекке шақырады.

Артынша жан ұшыра жетіп келген ер адам да сапасыз салынған құрылыстан зардап шеккен. Екі жедел жәрдем қызметкерін қосқанда, жалпы саны бес адам ауруханаға жеткізілді.

Науқастардың жақындары төтенше жағдай қызметкерлері дер кезінде келмеді деп отыр. Алайда құтқарушылар бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Полицейлер "Сапасыз салынған құрылыс" бабы бойынша тергеу бастап, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар