Қайсар Табынов: "Балаларды той бизнеске емес, ғылыммен айналысуға бейімдеу керек"

Dalanews 29 жел. 2021 07:02 710

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы

Коронавирус  індетін жеңуді мақсат тұтқан әлемнің белді ғалымдары індетке қарсы вакцинаны әзірлеуге барынша атсалысып, діттеген мақсаттарына жетті.

Вирус шартарапты кезіп кеткен шақта қазақ ғалымдары да емін табуға білек сыбана кірісіп, отандық вакцина жасау үшін барын салды.

Жаста болса, ҚазҰАУ халықаралық вакцинология орталығының директоры, профессор, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, «Қазақстанның 100 жаңа eciмi-2021» жалпыұлттық байқауының «Ғылым және инновация» номинациясының жеңімпазы Қайсар Табыновтың ерең еңбегін айтпасқа болмас.

Ол жануарларға арналған вакциналарды әзірлеуге, зерттеуге және өндіріске енгізуге маманданған жетекші қазақстандық ғалымдардың бірі.

Ол және оның командасы соңғы 15 жыл ішінде жоғары патогенді құс тұмауы, жылқы тұмауы, бруцеллез сондай-ақ адамның маусымдық тұмауы сияқты қауіпті инфекцияларға қарсы 7 ветеринария вакцинасын және 3 медицина вакцинасын жасай алды.

Бұл әзірлемелердің 60% -ы қазірдің өзінде сәтті енгізілді.

«Иә, жасыратын жоқ бұл әзірлемелер елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосты, сонымен бірге импортты алмастыру бағдарламасы тиімді жүзеге асырылды. Мен  өзім 2010 жылы кандидаттық диссертациямды құс тұмауына қарсы вакцинаны тақырып етіп алдым.  Себебі 2008 жылдан бастап 2,0 миллиард теңгеден астам қаражатқа 50 миллион дозадан астам құс тұмауына қарсы вакцина өндірілді. Оның әзірлемелері арасында әлемде теңдесі жоқ тұмау вирустық векторларына негізделген ірі қара малдың (ірі қара малдың) бруцеллезіне қарсы вакцина ерекше орын алады.

Соңғы 6 жыл ішінде бұл вакцина жан-жақты сынақтан өтті, ең бастысы өндіріске енгізілді, қазір іс жүзінде қолданылуда» дейді қыруар еңбек еткен қайсар жігіт.


Бүгінде отандық ғылым саласында елеулі орын алатын жаңалыққа құлақ түрсек, жас ғалымның командасы ДДСҰ кандидаттар тізіміне енгізілген екі COVID-19 вакцинасын (суббірлік инъекциясы және интраназальды нановакцина), сондай-ақ аллергиялық ринит пен бронх демікпесін емдеуге арналған вакцина жасап шығарған.



Екі бірдей вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеліпті.  Әзірлеген вакциналардың 60%-ы қолданысқа енген екен.

Қазіргі уақытта ол «COVID-19» және «аллергия» сияқты ғаламдық проблемалар бойынша зерттеулер жүргізуде.

«Қазақстандық ғалымдар өз күштерімен нанотехнология негізінде жасаған 2 вакцинаны клиникаға дейінгі зерттеудің соңғы сатысына дайындап жатырмыз. Біз жасаған тәсіл түбегейлі жаңа технология деп айтуға болады. NARUVAX-C19/Nano – мұрынға тамызу арқылы берілетін вакцина. Бұл вакцинаны синтетиткалық түрінде дайындалған ақуыз негізінде жасадық. Вакцина дайындаған ғылыми тобымызда Қазақ ұлттық аграралық зерттеу университетінің жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының қызметкерлері, Қазақ-жапон инновация орталығының қызметкерлері және М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті аурулардың ғылыми зерттеу орталығының өкілдері кірді. Болашақта бұл вакциналар тәжірибеге енгізіліп, қоғамға үлесін қосады деп үміттенеміз» дейді Қайсар Табынов.

Айта кетейік зерттеушілер макакаларға тәжірибе жасауды аяқтады, оған дейін тышқандар мен хомяктарға зерттеу жүргізген.

Нәтижесінде вакцина жануарларды инфекциядан қорғап қана қоймай, вирусты 100% бейтараптандырған.

Қазақстандық Naruvax-C19 вакцинасы соңғы кезеңге жетті және адам ағзасындағы клиникалық зерттеулерге дайын екенін жеткізді әңгіме барысында Қайсар мырза.

«Маймылдарға жасалған жұмыстар туралы соңғы иммуногенділік деректерді алғаннан кейін, адамдарда тестілеу жұмысын бастауға болады» дейді ғалым. Отандық ғылым саласына дұрыс көңіл бөліп, дамытсақ ғана келесі сын-қатерлерге дайын болатынымызды жеткізді әңгіме барысында Қайсар мырза.  Бүгінде  вакционология саласында қарқынды еңбек етіп жүрген ғалым, 17 жылдан бері жануарлар мен құстарға, адамдарға арналған инфекциялық ауруларға қарсы вакцина әзірлеумен айналысып келеді.

Өзінің  командасымен бірге 10 вакцина жасады. Оның әрқайсысы - отандық биотехнологияның жеңісі деуге толық негіз бар. Алғырлығы мен табандылығы, ғылымға деген махабаты талай жетістіктерге жетуге себеп болып жүрген жанға сәттілік тіледік.

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар