Бас прокуратура кезінде елді елең еткізген "Қорғас ісіне" бұрынғы сенатор, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің экс-төрағасы Қайрат Қожамжаровтың да қатысы барын растады, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Кезінде бұл істі қаржы полициясы қозғап, заңсыз әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен бірқатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кеденшілер мен кәсіпкерлерді тергеуге тартқан болатын.
Еске сала кетсек, 2011 жылдың соңында Алматы облысындағы кеден бекеттерінде ауқымды көлемде ұрлық жасалып жатқаны, сыбайлас жемқорлық жайлағаны жайлы қаржы полициясы дабыл қаққан еді. Тергеу деректері бойынша, шекара бекетіндегі экономикалық аймақта сол уақытта 100-ден астам адамның басын біріктірген ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істеп, оның құрамында қылмыстық құрылым өкілдерімен қатар кейбір мемлекеттік орган қызметкерлері де болған. Ақшалай немесе басқалай да сыйақы алып, топқа қолдау көрсеткен лауазымды тұлғалар да кездескені айтылған.
Бұған дейін Бас прокуратура халықаралық іздеуде жүрген Арғын Нығматулинге қатысты Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша айып тағылғанын нақтылаған болатын.
Сондай-ақ ҚазТАГ 2023 жылдың 11 желтоқсанында азаптау айыбымен бұрын Қайрат Қожамжаровтың қол астында жұмыс істеген қаржы полициясының экс-қызметкері Ұлан Мәдиевтің ұсталғанын еске салады. Сол кезде бірқатар БАҚ "Қорғас ісі" өз жалғасын табуда деп хабарлаған еді. Бұрынғы сенатордың қарамағындағыларға тағылған азаптаудан бөлек, қыз зорлау айыбы да бар. Олардың барлығы "Қорғас ісі" бойынша күдікті болып табылады. Іс материалдарында Қожамжаровтың "адамдары" ретінде Мәдиевтен бөлек, қаржы полициясының бұрынғы аға қызметкері Талғат Татубаевтың, Алматы облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің бұрынғы басшысы Сергей Потаниннің есімдері аталады. Егер Мәдиев, Татубаев және Қаржы полициясының Алматы қаласы бойынша департаментінің бұрынғы бастығы Мақсат Дүйсенов "Қорғас ісінде" контрабандадан пайда табушылар деп аталса, Қожамжаровтың өзі аталған қылмыстық схемалардан бас пайда табушысы ретінде көрсетіледі.
2023 жылғы 15 желтоқсанда "Қорғас ісі" бойынша тергеудің қайта қолға алынғаны ресми түрде расталды, ал 2024 жылғы 9 қаңтарда, ҚазТАГ өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Қожамжаровтың тағы бір бұрынғы бағынышты адамы - Қаржы полициясының Алматы қалалық департаментінің бұрынғы қызметкері Кенжебай Жұмабековтың ұсталғанын хабарлады. Ол соңғы уақытқа дейін Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Нұрлан Аманбек туралы "Время" газетінің материалында айтылған қаржы полициясы агенті Талғат Махатовтың жақын досы болып саналады.
1 наурызда Қожамжаровтың бұрынғы қарамағындағылар "Қорғас ісі" бойынша мойындау түрінде айғақтар бергені белгілі болды.
9 сәуірде Нұрлан Аманбектің Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлерінің арасында делдал болғаны, сөйтіп оның Махатовқа қатысы әшкере болды. Бұған дейін 29 наурызда Аманбекке қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. 18 наурызда кеденші Медет Жамашевты тапсырыспен өлтірілгені туралы қылмыстық іс бойынша куәгер Талғат Қарабаев атышулы "Қорғас ісі" шеңберінде қылмыстар жасалған кезеңде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшылығына берілген пара сомаларын атады. Шілде айында сотта экс-сенатор Қайрат Қожамжаров туралы ашық айғақтар жария болды.
29 тамызда кеден қызметкерін тапсырыспен өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Махатов ("Бетон") тапсырыс беруші деп танылып, 20 жылға сотталды. Бір қызығы, сотталғандардың арасында Хасан Қасымбаевтың ағасы Ержан Қасымбаев та бар, ол әйгілі "Хуторшылар" ҰҚТ-ның жетекшісі болып саналады, бұл топтың аты Талғар маңында жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне байланысты істе баршаға тағы аян болды. Ержан Қасымбаев тапсырыспен кісі өлтіруде тікелей орындаушылардың бірі ретінде танылып, 15 жылға сотталды. 2025 жылғы 8 қаңтарда сотқа Махатовқа қарсы жаңа қылмыстық іс келіп түскені белгілі болды.