Freedom Inside '26

Арғын Нығматулин не үшін күдікке ілінген?

Арғын Нығматулин не үшін күдікке ілінген?
Фото: Курсив

Бас прокуратура Арғын Нығматулин қандай күдікке ілінгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қадағалау органы Арғын Нығматулинге және Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.

«Соталды тергеп-тексеру шеңберінде А.З. Нығматулин күдікті деп танылды, сот санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды және ол Қазақстаннан тыс жерде болуына байланысты іздеу жарияланды», - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинді іздеп жатқаны хабарланды.

Бұл іс биыл 3 наурызда Астанада тіркелді. Іздеуге бастама жасаған - прокуратура.

Ашық дереккөз мәліметінше, Арғын Нығматулин - Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің және экс-депутат Ерлан Нығматулиннің ағасы.

Ол 1955 жылы 28 маусымда дүниеге келген. 2007 жылы сәуірден 2018 жылға дейін «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС директоры қызметін атқарды. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды.