Қайырымдылық қорларын кәсіпке айналдырғандар көбейді — Айгүл Орынбек

Қаракөз Амантай 15 қар. 2024 15:42 579

Белгілі заңгер Айгүл Орынбек елімізде жаппай ашылып жатқан қайырымдылық қорлары жайлы сөз қозғады. Айтуынша, олардың басым бөлігі халықты өз мүдделеріне пайдалануды көздейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қанды қаңтар оқиғасынан кейін ел алдында жүрген қор ашқыштарды тексеруді сұраған едім. Бәлкім, олар “қайрымдылық үшін” деп, қорға жиналған ақшаға террористерді қаржыландырып отырған шығар. Қорлардың көбейіп кеткені сонша, мұны кәсіп көзіне айналдырып алғандар да бар. Аңқау әрі аңғал халық пирамидаға алдағандары аздай, енді қорларға жем болып жатыр. Жалпы халықтың өзіне дауа жоқ”, - дейді ол.

Заңгер халықты сенімді қайырымдылық қорларына жүгінуге шақырды.

“Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы “Қазақ халқына” қорын ашты. Егер мемлекетке жаныңыз ашып, қайрымдылық жасағыңыз келсе, әрбір тиыны бақылауда тұрған қорға салу орынды. Өкінішке қарай, Президентіміздің тапсырмасын орындамай, саботаж жасағыштар қорларды көбейтіп жіберді. Тіпті, әкімдік ішінен қор ашып алған әкімдер де бар.  Бұлардың бәрін еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеруі керек”, - деді ол.

Осылай деп дабыл қаққан заңгер ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінен жағдайды қатаң бақылауға алуын сұрады.

“Көшеде мүгедек баланың суретін ұстап, алақан жайған жасөспірімдердің әрекетіне тоқтау салу қажет. Перизаттың Палестинаға көмек беріп жүргенін көріп, осы қыз алаяқтығы бар жат ағымдағы ағаларының қолына түсіп қалған жоқ па екен деген ойда қалған едім. Соңғы шыққан ақпарат біздің елдегі қорларды қатаң бақылауға алып, қорларға қатысты тиісті заң шығару керек екенін айқын көрсетіп берді. Шет елден қаржыландырылатын қорларды да тексеруді сұраймын”, - деп қосты ол.

Еске салайық, күні кеше ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және BizBirgemizQazaqstan қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болған еді.

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді.

Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.

Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.

Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.

Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар