Қате статистика реттелді: елде ірі-қара саны 2 миллионға азайды

Dalanews 01 шіл. 2024 16:32 3206

Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі-қара мал санына қатысты статистиканы реттеді. Ведомство бұған дейінгі жасалған есеп-қисапта қате барын айтқан еді. Жаңарған мәліметтерге сүйенсек, елде мал саны шамамен 2 миллионға қысқарған болып шықты.

Қате статистика Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытуға өте үлкен зардап тигізетінін шенеуніктер айтқан еді. Мал басының саны шаруашылық есеп арқылы жасалады. Оны ауылдар мен ауыл округтері әкімдері дайындайды.

«Деректерден қате кетсе, онда нарықта өнім тапшы, мемлекет тарапынан қолдау жеткіліксіз болып мәселе туындауы мүмкін. Одан басқа да зардаптары болады. Енді мал шаруашылығына қатысты статистиканы Ауыл шаруашылығы министрлігі реттеп, сәйкестендірді. Деректер дұрыс болса, жоспарлағанда да, ішкі нарықты реттегенде де жөнді шешім шығаруға мүмкіндік туады» дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз-қызметі.   

Статистика дұрысталған соң жаңа деректер жарияланды. Атап айтқанда, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы ахуалға сәйкес, елде ірі-қара мал басы 2 миллионға жуық азайған. Сүт өндірісі — 2 миллион тоннаға, қой саны — 14 %, ешкі — 20 %, шошқа — 34%, үй құсы — 22%, ет өндірісі — 15%, тауық жұмыртқасы өндірісі 10 пайызға қысқарған.

Енді шенеуніктер дәл осындай жұмысты өсімдік саласында да жүргізу керек деп отыр. Бұл салаға қатысты жаңа деректер биылғы тамызға қарай дайын болып қалуға тиіс. Еске сала кетсек, былтыр ірі-қара мал саны — 8,4 млн, қой — 19 млн, жылқы — 3,8 млн, ешкі — 2,3 млн, шошқа — 700 мың, түйе — 250 мың, үй құсы 49,5 млн болған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар