Экономикадағы бағаларға түскен қысымның артуына байланысты инфляциялық күтулер көрсеткішін сарапшылар өсіру тұрғысында қайта қарады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы жүргізген сауалнамаға қатысушылар инфляцияның жылдық деңгейі келесі қазан айында 12,1% шамасында болуы ықтимал деп болжайды, ал бұл өткен айдағы болжамнан (11,4%) жоғары. Сәйкесінше, ұлттық валютамызға да түсетін қысым болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Инфляция мен базалық мөлшерлеме
"Инфляциялық қысымның негізгі факторлары тарифтердің өсуі мен тұрғын үй-коммуналдық реформалар, жанар-жағармай мен импорт бағасының қымбаттауы, бюджет шығыстарының ұлғаюы, салық жүйесі мен бағалық реттеудегі алдағы өзгерістер болып табылады. Мұндай жағдайда Ұлттық банк ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр болуы мүмкін", делінген сауалнама нәтижесінде.
Сауалнамаға қатысқан қаржы нарығы өкілдерінің 73%-ы 10 қазандағы Ұлттық банк отырысында базалалық мөлшерлемені көтеру тұрғысында шешім қабылданады деп санайды. Ал қалғаны бұл реттегі көрсеткіш бұрынғы күйінде сақталады деп ойлайды.
Бірақ бір жылдан кейін инфляцияны бақылау және баға тұрақтылығын сақтау мақсатында базалық мөлшерлеме 16,5%-дан 15,5%-ға дейін төмендеуі мүмкін деп болжайтындар да бар. Инфляциялық күтулерге мұнай бағасының динамикасы қосымша ықпал етуі мүмкін.
Мұнай мен ұлттық валюта бағамы
Қаржы нарығының сарапшылары ОПЕК+ елдерінің өндірісті арттыруы ұсынысты көбейтіп, әлемдік бағаның төмендеуіне әсер етуі мүмкін деп санайды. Орташа алғанда, алдағы 12 ай барысында Brent мұнайының бір баррелінің құны 66,4 доллар деңгейінде қалыптасады (қыркүйекте — 66,7 доллар). Қазіргі инфляциялық және мұнай бағасының төмендеуі тұрғысында күтілетін жағымсыз ахуалға қарамастан ЖІӨ көрсеткіші қалыпты деңгейін сақтайды: бір жылдан кейін ЖІӨ көрсеткіші 4,8% болуы мүмкін (қазір - 6,5%).
Валюта нарығында бір ай ішінде бюджет қаражатын игеруді жеделдету, ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға байланысты экономикадағы инвестициялық белсенділіктің және компаниялардың сыртқы есеп айырысуларының ұлғаюы аясында теңгенің біршама әлсіреуі күтіледі. Осы жағынан алғанда, бұл факторлар шетелдік валютаға деген сұранысты арттырады.
Қараша айының басында USD / KZT жұбы бойынша ақша бағамы 544,1 теңге деңгейінде болады деп болжанады, ал бір ай бұрын 1 АҚШ долларының бағасы 541,6 теңге болады (ағымдағы деңгейден+1,7%) деп күтіледі.