Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолы" компаниясының транзиттік тасымал көрсеткіштеріне қатысты сын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жиын барысында "Қазақстан темір жолы" АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Алайда премьер-министр жоспарлы көрсеткіштердің орындалу қарқынына көңілі толмайтынын жеткізді.
Бектеновтің айтуынша, компания алдында транзиттік жүк тасымалы көлемін 55 миллион тоннаға жеткізу міндеті тұр. Бірақ қазіргі нәтиже белгіленген жоспардан айтарлықтай төмен.
"Қазір транзиттік тасымал көлемі бойынша шамамен 30 пайызға қалып келесіздер. Жоспардағы 23 миллион тоннаның орнына небәрі 16 миллион тонна жүк тасымалданған. Сондықтан бұл міндеттің орындалуы үшін жеке жауапкершілік өзіңізге жүктеледі", – деді премьер-министр.
Өз кезегінде ҚТЖ басшысы айтылған ескертуді қабылдайтынын қысқаша жеткізді. "Қабылданды", – деп жауап берді Талғат Алдыбергенов.