Freedom Inside '26

Енді тұрғын үйлердің маңына көлік қоюға болмай ма? Министрлік жауап берді

Енді тұрғын үйлердің маңына көлік қоюға болмай ма? Министрлік жауап берді
ашық дереккөз

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдері тұрғын үйлердің маңына көлік қоюға тыйым салынатыны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кейінгі күндері әлеуметтік желілер мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралында "2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің маңына көлік қоюға тыйым салынатыны" туралы ақпарат тарады. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл мәлімет шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Ведомство ақпаратына сүйенсек, "Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрықта тұрғын үйлер маңындағы автотұрақтарға қатысты жаңа шектеу қарастырылмаған.

Министрлік құжаттың басты мақсаты Құрылыс кодексі талаптарына сәйкестендіру және абаттандыру саласындағы бұрыннан бар қолданыстағы нормаларды жаңартылған редакцияда бекіту екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жаңа қағидаларда азаматтардың арнайы белгіленген автотұрақ орындарына көлік қоюына тыйым салатын талап жоқ. Өзгерістердің бір бөлігі тек нақтылау сипатында енгізілген. Яғни жеке тұрғын үйлерге іргелес аумақта ұзақ уақыт сақтауға болмайтын жылжымалы мүліктер тізімі нақтыланған. Жаңа редакцияда мұндай мүлік қатарына көліктер, тіркемелер мен арбалар енгізілген.

Алайда бұл көлікті пайдалануға немесе арнайы бөлінген орындарға қоюға тыйым салу дегенді білдірмейді. Әңгіме ортақ пайдаланылатын аумақта түрлі мүлікті ұзақ уақыт бойы жинап қоюдың алдын алу туралы болып отыр.