"Қасымбаев резонанстың құрбаны": адвокаттар сот процесінің біржақты жүріп жатқанын айтты

Көркем Алдабергенова 05 қыр. 2025 09:28

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Хасан Қасымбаевтың қорғаушылары істегі заңбұзушылықтарды атап өтіп, оны қоғамдық резонансқа байланысты қудалап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Kursiv.kz-ке сілтеме жасап. 

Адвокат Гүлмира Бабажанованың сөзінше, алғашқы сот отырысы ашық өткен, БАҚ өкілдері қатысқан. Бірақ кейін журналистерді басқа залға ауыстырып, процеске толыққанды қатысу мүмкіндігінен айырған.

"Бұл – сот талқылауының жариялылығын өрескел бұзу", - деді ол.

Қоғамдық қорғаушы Қуат Ауғанбек істің тек айыптау бағытымен жүріп жатқанын айтады. Оның сөзінше, Қасымбаевты ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі деп айыптайтындай нақты дәлел жоқ.

"Бар болғаны резонансқа сүйеніп, еш дәлелсіз адам тағдырын шешіп отыр. Хасан Қасымбаев жалған ақпарат пен қоғамдық қысымның құрбаны болып отыр", - деді ол.

Адвокат Ерлан Мендешев Қасымбаевқа қатысты қылмыстық істің 2021 жылы дәлел болмауына байланысты тоқтатылғанын, кейін Шерзат ісінен туған резонансқа байланысты қайта қозғалғанын айтты.

"Істі мұрағаттан шығарардай ешқандай жаңа мән-жай болған жоқ", - дейді ол.

Мендешевтің айтуынша, сотқа дейінгі тергеуде заңбұзушылықтар тіркелген. Жәбірленуші тарап тергеу деректерін жарияламау туралы қолхат бергеніне қарамастан БАҚ-қа сұқбат берген. Сонымен бірге адвокат Қасымбаев пен өзге күдіктілерге қысым жасалғанын, арнайы жасақ қызметкерлері жауап алу кезінде азаптауға барғанын мәлімдеді.

Қорғаушылар жәбірленуші Арман Әлімовтың көру қабілетін жоғалтуы кәсіби спорттағы соққылардың салдары болуы мүмкін екенін алға тартты. Адвокат Бабажанова бұл деректерді іске тіркеуді сұрағанымен, сот қабылдамаған. Ал Қуат Ауғанбек жәбірленушіге қатысты қоғамда жалған образ қалыптасқанын, оның тұрмыстық зорлық пен есірткіге қатысты істер бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.

Айта кетейік, Талғарда Хасан Қасымбаевқа қатысты сот процесі жүріп жатыр. Ол адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру және бопсалау баптары бойынша айыпталуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар