North Caspian Operating Company (NCOC) филиалына мемлекетке залал келтіргені үшін 3,5 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "ҚР Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның Батыс өңіраралық Басқармасы" РММ-нің NCOC филиалына мемлекетке келтірілген зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша істі қарады, деп жазады Dalanews.kz.
"Сотта Энергетика министрлігі жауапкердің мұнай-газ кешеніндегі қызметіне кешенді тексеру жүргізгені анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша Қашаған кен орнында көмірсутектер мен көмірсутекті емес газдардың көпкомпонентті қоспасын шектен тыс рұқсатсыз жағу фактілері анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды", делінген елорданың экономикалық сотының хабарламасында.
NCOC филиалы ӘҚБтК-нің 356-бабының 3, 5-бөлігінде (Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу қағидаларын бұзу) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
"Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен филиалдың шағымы қанағаттандырусыз, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы өзгеріссіз қалдырылды. Осылайша, Қашаған кен орнында шикі газды шектен тыс жағу фактісі анықталды. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу нәтижесінде келтірілген залалдың мөлшері мемлекетке келтірілген залалдың әділ өтелуін қамтамасыз етуге бағытталған ережелер, "Көмірсутектерді барлау және өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу нәтижесінде келтірілген залалдың мөлшерін айқындау қағидаларымен" айқындалған", делінген сот хабарламасында.
Заңда жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың талаптарын бұзу немесе жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығы салдарынан келтірілген зиянды өтеу міндеті көзделгенін ескере отырып, сот уәкілетті мемлекеттік органның талап қоюын қанағаттандырды.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, бұл - консорциум мойнына ілініп отырған бірінші ірі айыппұл емес. 2024 жылғы наурызда NCOC экологиялық талаптар нормаларын бұзғаны үшін 12,419 млрд теңге көлемінде айыппұл төлегені хабарланды.
Бұған дейін сайтымызда, яғни 2024 жылы 2 қазанда "5 млрд доллар дауы: NCOC консорциумы Қазақстанмен арадағы келіссөздерді қайта жандандырды" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ бұл тақырыпта "Қазақстан неге инвесторлардан 138 миллиард доллар талап етуде" деген де мақала жарияланған.