Ресей ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын азайту үшін Қазақстаннан АИ-92 маркалы бензин жеткізуді сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters мәліметінше, Мәскеу шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін импорттау мәселесін талқылап жатыр. Бұған бірқатар мұнай өңдеу зауыттарының тоқтап қалуы мен жоспардан тыс жөндеу жұмыстары себеп болған.
Reuters мәліметінше, маусым айының соңына қарай дрон шабуылдарының салдарынан Ресейдің орталық бөлігіндегі жанармай өндірісі 25 пайызға төмендеген.
Осыған байланысты Ресей билігі ішкі нарықты тұрақтандыру үшін бірнеше шараны қарастыруда. Олардың қатарында жанармай экспортына шектеу енгізу, мұнай өңдеу зауыттарына берілетін субсидияларды кеңейту және бензин импортын ұлғайту бар.
Сарапшылардың айтуынша, әлемдегі ең ірі жанармай экспорттаушылардың бірі саналатын Ресей үшін бензин импорттау – сирек кездесетін қадам.
Bloomberg дерегінше, Ресейде ішкі нарық үшін жанармай сапасына қойылатын талаптарды уақытша жеңілдету және теңіз арқылы бензин жеткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Бұған дейін Ресей Қазақстаннан авиаотын жеткізу мәселесін де талқылаған болатын.