Қарқаралыдағы дала өрті: әкімдік мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 08 қаз. 2024 09:28 1697

Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара маңындағы дала өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оны жедел штаб үйлестіруде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өрт аумағы ауқымды, ал сөндіру процесі қатты жел, таулы рельеф және өрт ошақтарына жету қиындықтарымен күрделеніп отыр.

Өртті сөндіруге Қарағанды облысының ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының 386 қызметкері, 64 техника бірлігі, сондай-ақ ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері қатысуда.

Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов әлеуметтік желілерде ұйымдастырылып жатқан түрлі көмек акциялары туралы ескерту жасады. Ол ұйымдастырылмаған көмек шаралары қауіп төндіруі мүмкін екенін және қазіргі уақытта барлық қажетті ресурстар бар екенін айтты.

“Қазір әлеуметтік желілерде қаржы жинау және көмек көрсету туралы ақпарат таралып жатыр. Ұйымдастырылмаған көмек адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Қазіргі уақытта барлық қажетті күштер мен құралдар жеткілікті: сарбаздардың тамағы, демалу орындары, жанар-жағармай толық қамтамасыз етілген”, – деп мәлімдеді әкім.

Еске салайық, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы алапат дала өрті 3 мың гектар аумақты шарпыды. Өрт негізінен Қарағанды облысының Қоянды ауылында құрғақ шөптің тұтануынан басталған, кейін желдің әсерінен Баянауыл ұлттық паркінің ормансыз аумағына таралған. Аталмыш жағдай барысында төрт адам зардап шекті, оның ішінде үш өрт сөндіруші және бір жергілікті тұрғын күйік алып, олар Қарағанды қаласына тікұшақпен жеткізілді.

Өртті сөндіру үшін 56 техника мен 4 тікұшақ жұмылдырылды. Суды Шалқаркөл көлінен алып, бірнеше мәрте өрт ошақтарына төкті. Желтау ауылынан 18 адам, оның ішінде сегіз бала эвакуацияланды    .


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар