Қарлығаш Жаманқұлова Құрылтай үшін “Әділ сөзден” кетті

Қарлығаш Жаманқұлова Құрылтай үшін “Әділ сөзден” кетті
optimism.kz

Қарлығаш Жаманқұлова «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті қызметінен кетеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры қор президенті Қарлығаш Жаманқұлованың өкілеттігі аяқталғанын хабарлады. Ол басшылық еткен үш жарым жылда қор қызметінің ауқымы мен мазмұны едәуір кеңейді: журналистерге тікелей құқықтық көмек көрсетумен қатар, заңнаманы жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыс та жолға қойылды.

Құқықтық қорғау

2022 жылғы желтоқсаннан бері қор өңірлік және республикалық БАҚ өкілдеріне, блогерлер мен журналистерге 1 989 заңгерлік кеңес берді, 49 сот процесінде медиа қызметкерлерінің мүддесін қорғады, 25 ресми мәлімдеме мен ашық үндеу және 16 құқықтық шолу жариялады.

Заңнаманы жетілдіру

Осы кезеңде қор БАҚ, ақпаратқа қол жеткізу, медиа мен журналистердің мүддесіне қатысты заң жобалары бойынша құрылған жұмыс топтарына жүйелі түрде қатысты. Бұл қордың қабылданып қойған шешімдерге үн қатумен ғана шектелмей, негізгі құжаттардың мазмұнына әзірлеу кезеңінде ықпал етуіне мүмкіндік берді.

«Масс-медиа туралы» заңды әзірлеу барысында қатаң шектеулерді көздейтін нормалардың енгізілуіне жол берілмеді. Атап айтқанда, «ерекше жағдайлар» кезінде құқық қорғау органдарына БАҚ-қа қатысты шамадан тыс өкілеттік беру және материалдарды жарияламас бұрын лауазымды тұлғалармен келісу талаптары алынып тасталды. Жала жабуға қатысты талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді; БАҚ сауалдарына жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне қысқартылды; журналистің қосымша қорғау шараларын қамтитын ерекше құқықтық мәртебесі бекітілді.

Қор аккредиттеу саласындағы шектеуші нормаларға жүйелі түрде қарсы тұрды: Мәдениет министрлігі бұйрығының жобасына балама ұсыныстар әзірледі, журналистің аккредиттеуден бас тарту туралы шешімге шағымдану құқығын құжатқа енгізуге және аккредиттеуді тұрақты әрі уақытша түрлерге бөлуге қол жеткізді.

Қор сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің 12 бұйрық жобасына ұсыныстар жолдады, шетелдік БАҚ-ты аккредиттеу шарттарына қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігіне ұсыныс енгізді, журналистер қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық стратегияның тұжырымдамасын ұсынды. Бұған қоса, ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабын шектен тыс кең түсіндіруге жол бермеу үшін нормативтік қаулы қабылдау туралы ұсыныспен Жоғарғы сотқа жүгіну бастамасын көтерді.

Кәсіби даму және жаңа стандарттар

Осы кезеңде қор Қазақстанда әлемдік тәжірибеде кеңінен мойындалған шешім журналистикасы жанрын алғаш рет жүйелі түрде енгізді. Оқытуға жетекші шетелдік сарапшылар тартылып, 150-ден астам қазақстандық журналист осы жанр бойынша кәсіби даярлықтан өтті. Бұдан бөлек, қор ел бойынша 53 вебинар, 15 шеберлік сабағын, 28 семинар мен тренинг өткізіп, 30 оқыту бейнематериалын жариялады.

«Біз үшін заң бұзушылықтарды тіркеумен ғана шектелмей, құқықтық көмекті талдамалық және заңнамалық жұмыстармен ұштастыру маңызды болды. Осы жылдар бойғы адал әрі нәтижелі бірлескен жұмыс үшін командаға, өңірлік тілшілерге, халықаралық серіктестерге және Қазақстанның бүкіл журналистер қауымына алғыс айтамын», – деп түйіндеді Қарлығаш Жаманқұлова.