Қаржы вице-министрі 2026 жылда қандай тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айтты

Кәмшат Тілеухан 02 мам. 2025 12:48 233

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2026 жылдан бастап қосымша құн салығы 16%-ға өскен жағдайда елімізде қандай тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы вице-министрінің айтуынша,2026 жылы қосымша құн салығы 16%-ға өскен жағдайда, ең алдымен импорт тауарлардың бағасы өседі. 

"Егер тауарлар шетелден әкелінетін болса, онда олар қымбаттайды. Яғни, импорт тауарлар. Өйткені осыған дейін мұндай тауарларға 12 пайыз қосымша құн салығы салынса, енді ол 2026 жылдан бастап 16 пайызға артады. Яғни, олардың бағасы  4 пайызға ұлғаятын болады", - дейді вице-министр.

Ауылшаруашылығы өнімдерінің бағасы өспеуі керек. Неге?

Оның айтуынша, мәселен ауылшаруашылығы саласының өнімдері қымбаттамауы мүмкін.

"Себебі, жаңа өзгерістерге сәйкес, бұл саладағы қосымша құн салығы бойынша жеңілдік 80 пайызды құрайды. Дегенмен лизингке шетелден әкелінген техникалар, тағы сол секілді импортпен байланысты факторлар бойынша бұл арада жанама түрде қымбатшылық әсері барын да жоққа шығара алмаймыз", - дейді ол.

Баспана бағасы қымбаттай ма?

Ержан Біржановтың пікірінше, құрылыс саласы бұған дейін өздеріне берілген жеңілдікті ұтымды пайдалана алмаған.

"Жаңадан салынатын тұрғын үйлерге қатысты жеңілдіктер қарастырылған болатын, сөйтіп олар бұған дейін ҚҚС-тан босатылған. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, бұл саладағы компаниялар аталған жеңілдікті бағаны түсіруге бағыттамады. Яғни, жеңілдік бар-жоғына қарамастан бізде бағаны нарық айқындап жатты. Сондықтан үкімет Салық кодексіне осы бағытта жаңа өзгерістер енгізуді қарастырып жатыр", - дейді ол.

Бұған дейін Мәжіліс жаңа Салық кодексі жобасын екінші оқылымда қабылдап, оны қарау үшін Сенатқа жолдағанын хабарлағанбыз


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар